363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Таэквондо: Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан жарысқа елімізден 97 спортшы қатысуда

  • 217
Таэквондо: Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан жарысқа елімізден 97 спортшы қатысуда

Қазақстандық таэквондошылар оңтүстіккореялық Чеджу аралына ат басын тіреді.

Қазір ол жерде таэквондодан халықаралық турнир өтіп жатыр. Бұл спорт түрінің отанына әлемнің ең үздік спортшылары жиналды.

Оңтүстік Кореяның Чеджу аралында өтіп жатқан таэквондодан әлем біріншілігіне 60 елден 2500-нан астам спортшы келген. Қазақстан атынан 97 таэквондошы өнер көрсетеді. Тайваньнан 138,ал чемпионат қожайыны – Оңтүстік Кореядан 500 спортшы бағын сынамақ.

Пак Кын Бом, таэквондо чемпионатын ұйымдастыру комитетінің өкілі:

– Таэквонда отаны Корея болғандықтан, ең мықты деген спортшылар – кореялықтар деп білемін. Жеңіл салмақта Азия елдерінің спортшылары үздіктер қатарында болса, ал орта салмақта еуропалықтар жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Бұл сайыста алған ұпай арқылы спортшылар Азия ойындарына жолдама ала алады.

Қазақстаннан аттанған ұлттық құраманы 5 ерлер және 5 әйелдер командасы таныстырады. Бүгін жерлесіміз Айнұр Есбергенова қорытынды сайысқа өте алмай қалды. 49 келі бойынша сынға түсіп, өзбекстандық Мадина Манноповаға есе жіберіп алды. Тағы 58 келі бойынша ел намысын қорғаған Елдос Ысқақ оңтүстіккореялық спортшыдан жеңіліп қалды.

Батырбек Есдаулетов, ҚР таэквондо бойынша құрамасының бас бапкері:

– Тамыз айында Индонезияда Азия ойындары өтпек. Бүгінгі ойын спортшылардың қаншалықты дайын екендіктерін көрсетеді. Бұл жарыстан соң оқу-жатығулар осы Кореяда өтеді. Одан соң бірден Азия ойындарына жолға шығамыз.

Қазақстандық спортшылардың ішінен үздік нәтижені астаналық таэквондо мектебінің шәкірті Айнагүл Батыр көрсетті. Ол алдымен жапондық Асунаны жеңіп, одан соң малайзиялық Субраманиамнан оқ бойы оза шықты. Тек ширек финалда әлем чемпионы оңтүстіккореялық Симға есе жіберіп алды.

Айнагүл Батыр, таэквондошы:

– Дубайда өткен халықаралық жарыста бірінші орын алдым. Украина Open-да үшінші орын алдым. Мақсат – финалға шығу, чемпион болу.

Айнагүл Қазақстан чемпионатында үшінші орынды иеленген еді. Сол себепті Азия ойындарына жолдама ала алмады. Дегенмен бүгінгі ойыннан соң 49 келі салмақ бойынша әлемдік тізімде бірден он орынға алға жылжып, 81-ге жайғасты. «KoreaOpen» чемпионатында әлі сегіз спортшымыз өнер көрсетеді. Олардың ішінен Рио олимпиадасының қатысушысы Жансель Дениз бен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Руслан Жапаров жеңіс тұғырынан көрінеді деген үміт бар.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы