359.76 423.70 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан құрамасының 2018 жылғы Азия ойындарына арналған киім үлгісі таныстырылды

  • 303
Қазақстан құрамасының 2018 жылғы Азия ойындарына арналған киім үлгісі таныстырылды olympic.kz

Қазақстан ұлттық құрамасы жазғы Азия ойындарына отандық өндірушілер дайындаған жаңа киім үлгісімен аттанады.

Спортшылардың жаңа образын жасауда көшпенділер тақырыбы басты назарға алынды. Коллекцияның негізгі нысаны – техно-стильде орындалған сұңқар құс. Қазақстан тарихында жыртқыш құстармен аң аулау үлкен маңызға ие екені белгілі. Аңды көп қағатын құстар еркіндіктің, биікке ұмтылудың символы болып есептеледі. Негізгі детальдардың бірі ретінде барлық өнімдерден көрінетін «KZ» әріптерін айтуға болады.

 

Спорттық экипировка жаттығуға және шеруге арналған костюмдерден, поло, шолақ шалбар, жеңіл жейде және өзге де қажетті элементтерден құралған. Барлығы 16 бағыт бар. Форманың дизайны мен дайындалуы қазақстандық өндірушілерге тапсырылды. Формадағы киімдердің барлығы Азия ойындарын қабылдаушы мемлекет – Индонезияның климаттық ерекшеліктерін есепке ала отырып дайындалды. 

Экипировкадағы киімдердің басым бөлігі трикотажды кенеп матадан тігілген. Бұл спортшылардың киім кигенде өзін ыңғайлы сезінуіне көмектеседі. 

Форма негізінен қою көк және ақ түстерден құралады, ал басты шешімдер – минимализм мен таға бағыт. Киімді өлшеп көрген спортшылар форманың ыңғайлы әрі әдемі екенін алға тартты. 

Аталған киім үлгісі Қазақстан ҰОК арнайы комиссиясының шешімімен таңдалды. Сондай-ақ комиссия құрамына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері мен танымал спортшылар енді. 

Форманы алғашқылардың бірі болып суда жүзуші Дмитрий Баландин, синхронды жүзуші Кристина Тыныбаева мен ашылу салтанатында Қазақстан байрағын көтеріп шығатын боксшы Әбілхан Аманқұлдар киіп көрді. 

Әбілхан Аманқұл форманың өте ыңғайлы, қимыл-қозғалыс кезінде еш кедергі келтірмейтінін айтты. Боксшының айтуынша, құрлықтық ойындарда Қазақстан құрамасының киім үлгісі бірден көзге түсуі керек. 

«Маған жаңа форма қатты ұнады. Денеге жайлы, заманауи үлгіде тігілген. Өзге спортшылар да жақсы баға береді деп ойлаймын», – дейді Ә. Аманқұл. 

«Қазақстан құрамасының жаңа формасын осымен бірнеше рет алғашқылардың бірі болып киіп көрдім. Бәрінен бұрын, костюмдердің сыртқы келбетін атап өткім келеді. Дизайн жаңарғаны көзге ұрып тұр. Жаттығу арналған киімдер де, шеруге арналған костюмдер де дәл шақ болды. Спорттық костюм өте сапалы, жаттығу жасауға да ыңғайлы екені қуантады. Маған ерекше ұнады. Мұндай костюмдерді жаттығуға ғана емес, күнделікті өмірде де киіп жүруге болады», – дейді Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин. 

Синхронды жүзуден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Кристина Тыныбаева да костюмдердің сырт көзге әдемі көрінетінін алға тартты. Оның сөзінше, ақ және қою көк түстер мен жалпы образдың ықшамдылығы оған қатты ұнаған.

Айта кетейік, Индонезиядағы Азия ойындары 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында өтеді. Ашылу салтанаты 18 тамызға жоспарланған. Құрлықтың ең басты додасына 25 олимпиадалық спорт түрінен (37 спорттық дисциплина) 410 спортшы қатысады. 

Ақпарат көзі: olympic.kz

Хабар 24 телеарнасы