359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Ұлы дала рухы» фестивалінің ақтық кезеңі Астанада өтеді

  • 228

Ақтөбеде «Ұлы дала рухы» фестивалі өтіп жатыр.

Ұлттық спорт түрлері бойынша біріншіліктің іріктеу кезеңіне батыс өңірлерінің өкілдері жиналған. Атырау, Ақтау мен Оралдан келген спортшылар республикалық байқауға жолдама үшін бақ сынасты.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Бірнеше күнге созылған жарыстың жүлдегерлері белгілі болды. Дәл қазір Ақтөбе ипподромында көкпар тартудан ақтық сын ойындары өтуде. Бұған дейін тоғызқұмалақ, асық ату мен қазақша күрестен мықтылар анықталған болатын.

Боз кілемде атыраулық спортшыларға тең келетіндері табылмады. Қазақша күрестен командалық есеп бойынша мұнайлы өлкенің спортшылары топ жарды. Ал асық атудан ақтөбелік мергендер үздік деп танылды. Ұлттық спорттың бұл түрі жаңа ережелермен толықтырылып, қайтадан кеңінен насихатталып жатқанын да айта кету керек. Әсіресе, мектеп жасындағы жеткіншектердің көпшілігі бос уақытын асық атуға арнайтын көрінеді.

Айбар Сәрсен, асық атудан Ақтөбе командасының жетекшісі:

– Бұрынғы асық атудан ерекшелігі, бұл жерде уақытқа ойнайды. Уақытқа ойнаған соң, жылдам қозғалады. Ептілікке, мергендікке бала асық ату арқылы бейімделеді. Осы жарыстың дамуына сәл де болса үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз.

Жалпы жарысқа еліміздің батыс өңірлерінен 160-тан астам спортшы жиналған. Бұл – «Ұлы Дала рухы» атты ұлттық спорт түрлері фестивалінің іріктеу кезеңі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тағайындаған кубоктермен және медальдармен марапатталады. Сондай-ақ олар республикалық байқауда бақ сынайды.

«Ұлы дала рухы» фестивалінің ақтық кезеңі қыркүйек айының 12-16 күндері Астанада өтеді.

Хабар 24 телеарнасы