352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бокс: Данияр Елеусінов шаршы алаңға екінші жұпта шығады

  • 166

Қазақстандық былғары қолғап шебері, әлем және Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов кәсіби шаршы алаңда үшінші рет жекпе-жекке шығады.

Оның қарсыласы – венгриялық Габор Горбич. Кездесу Уэльс астанасы Кардифф қаласында өтеді. Бокс кешінің андеркартына енген матчты «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Қазақстандық боксшы бірер күн бұрын Ұлыбританияның Кардифф қаласына барып, соңғы дайындығын пысықтауға кірісті. Жерлесіміздің бұл жолғы қарсыласы – Габор Горбич есімді венгриялық былғары қолғап шебері. Қос спортшы арасындағы кездесу 28 шілдеде Лондонда өту керек болатын. Белгілі бір себептермен жекпе-жектің уақыты мен өтетін орны ауыстырылды.

30 жастағы Габор Горбич кәсіпқой боксқа 2012 жылы келіп, біраз тісқаққан боксшылармен кездесіп үлгерді. Ол қазір бірінші орта салмақ рейтингінде 465-орынға тұрақтады.

Асхат Жақаев, «Хабар» арнасының спорттық трансляциясының продюсері:

– Кардифф қаласындағы бокс кешінде Данияр Елеусінов шаршы алаңға екінші жұпта шығады. Рио олимпиадасының чемпионы болғандықтан, жерлесімізге қызығушылық өте жоғары. Тағы бір айта кетерлігі, осы кештегі негізгі жекпе-жек британдық Джо Кордин мен Шон Додд арасында өтеді.

Бұл бокс кешін «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсетеді. Жекпе-жек шамамен бүгін түнгі 1-де басталады. Айта кетейік, жуырда ғана кәсіпқой боксқа ауысқан Данияр Елеусінов бұған дейін 2 кездесу өткізіп үлгерді және екеуінде де жеңіске жетті.

Авторлары: Аслан Қаженов, Лариса Гречихина, Асхат Каракойшиев

Хабар 24 телеарнасы