356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ЧЛ: «Астана» ФК «Динамоның» қарымын байқайды

  • 174

Ертең Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Астана» футбол клубы Загребтің «Динамосын» қабылдайды.

Алғашқы екі кезеңде елордалықтар Черногорияның және Дания чемпиондарын жарыс жолынан шығарып тастады.

Астаналықтар алдымен «Сутьесканы», екінші кезеңде «Мидтьюлландты» айналып өтті. Енді плей-оффқа берілетін жолдаманы Загребтің «Динамосымен» сарапқа салмақ. Хорватиялық клуб жайлы аз-кем ақпарат.

«Динамо» – ішкі біріншілікте қарсылас шақ келтірер емес. 15 мәрте үздік атанды. Бірнеше рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққанымен, одан әрі аса алмады. Клубтың футбол академиясы Еуропадағы үздік бестіктің қатарында. Лука Модрич, Матео Ковачич, Деян Ловрен, Шиме Врсалько сияқты әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері осы Загреб орталығының түлектері.

Айдар Күмісбеков, «Астана» ФК қорғаушысы /2005-2007/: 

- Әрбір команда өзінің деңгейін көрсетуге тырысады ғой. Сондықтан Хорватияның әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткені клубтық дәрежеге де әсер етеді. Өте жақсы әсер етеді.

Астаналықтардың бұрынғы қорғаушысы Айдар Күмісбековтің пікірінше, келесі кезеңнің мәселесін алғашқы матчта-ақ шешу қажет. «Себебі, қарымта ойында хорватиялықтар өз алаңында барын салады», – дейді ардагер футболшы. Астаналықтар да бұл ойынға тас-түйін дайын. Жанкүйерлер командаға қайта қосылған конголық шабуылшы Джуниор Кабанангаға зор үміт артып отыр. Сондай-ақ негізгі құрамдағы ойыншылардың барлығы да жасыл алаңға шығуға әзір. 

Асқар Хамиден, «Астана» ФК баспасөз хатшысы:

- «Ақтөбемен» болған ойында «Мидтьюлландпен» кездесуде алаңға шыққан ойыншылардың біршама бөлігі «Динамоға» қарсы дайындалу үшін Ақтөбеге барған жоқ. Команда толық құрамда дайындалып жатыр. Барлық ойыншылар сақадай сай. 

«Астана» – «Динамо» жұбының жеңімпазы кем дегенде Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алады. Ал плей-оффта бағы жанған команда Чемпиондар лигасында күш сынасады. Қазақстандық және хорватиялық клуб арасындағы матч ертең, «Астана Аренада» кешкі сағат 20:00-де басталады.  

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы