361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Рудныйда кеншілер спартакиадасы ұйымдастырылды

  • 145

Қазақстандық кеншілер спортта да осал емес. Бұған өтіп жатқан металлург, шахтерлер мен энергетиктер, тасымал саласы мамандарының спартакиадасы дәлел.

Қостанай облысының Рудный қаласында еліміздің әр түкпірінен жиналған ERG (И-Эр-Джи)  компаниясының қызметкерлері спорттың 7 түрінен өзара мықтыны анықтауда 

Жанкүйерлердің делебесін қоздырған ерекше спартакиада. ERG (И-Эр-Джи) компаниясының қызметкерлері екінші рет бас қосып, спорттағы қарымын сынап жатыр.

Вильям Амракулов, «Транском» командасының төрағасы:

- Спорт тұлғаның дамуына үлкен әсер етеді. Қызметкерлеріміздің дені сау, көңіл күйі көтеріңкі болған сайын жұмыста да белсенділік көрсетеді. Демек, өмірі түзеледі. Біздің мақсатымыз осы.

Рудныйдағы спартакиадаға қатысып жатқан 700 адам спорттың 7 түрінен бақ сынайды. Айтпақшы жергілікті тау-кен комбинатында жыл сайын 40 млн тонна кен игеріледі. Бұл жоғары көрсеткіш. Сайысқа қатысушы спортшы кеншілер де биік тұғырдан көрінуге ниетті.  

Береке Мұхаметқалиев, Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінің президенті:

- Спортакиада барысында қызметкерлеріміз ауызбіршілік танытады. Өз командасы үшін бар күшін салады. Өндірісте де солай. Соның арқасында біз ірі жобаларды қорықпай қолға аламыз. Алдымызға қойылған міндеттерге тек ортақ жауапкершілікпен жетуге болады. 

Сайыс орны ретінде моноқаланың таңдалуы тегін емес. Бұл жерден талай чемпиондар мен Олимпиада ойындарының жеңімпаздары шыққан. Спартакиада қатысушыларына боксшы Рой Джонс қолдау білдіріп, жүлдегерлерге өзінің автографы қойылған қолғаптарын табыс етпек. 

Серік Шахажанов, «Евразийская группа» ЖШС басқарма төрағасы:

- И-Эр-Джи  спартакиадасы спорттың дамуына қосқан үлесіміз ғана емес, ұжымның бірлігін нығайтуға құлшынысымыз. Қазақстан бойынша 60 мың қызметкеріміз бар. Біз біртұтас И-Эр-Джи командасын құруды мақсат етеміз. 

Ал үздік металлургтер мен кеншілер командасы 4 күндік сайыстан кейін белгілі болады. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы