352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Азия ойындары 2018: Қазақстан қоржыны жаңа жүлделермен толықты

  • 650
Азия ойындары 2018: Қазақстан қоржыны жаңа жүлделермен толықты olympic.kz

24 тамыз күні Қазақстан құрамасының жүлде қоржыны 8 медальмен толықты.

Алексей Луценко қазақ жанкүйерлерін тағы да қуантты. Бүгін жекелей сында бақ сынаған ол қатарынан екінші рет Азия ойындарының алтынын иеленді. 40 шақырымға созылған жекелей сында да Луценко шашасына шаң жұқтырған жоқ. 

Қазақстандық теннисшілер үшін де Азия ойындары аяқталды. Соңғы жарыс күнінде құрама қоржынына теннистен үш медаль түсті.

Гозаль Айнитдинова мен Анна Данилина жұптық сында қола жүлдегер атанса, Александр Бублик пен Денис Евсеев күміске қол жеткізді. Олар финалда Үндістан өкілдеріне есе жіберген еді.

Александр Недовесов пен Анна Данилина жұбы да қола жүлдегерлер қатарында. 

Джиу-джитсудан сынға түскен қазақ спортшылары да жүлдесіз қалған жоқ. 56 келідегі Нұрсұлтан Сейдуәлі мен 69 келідегі Нартай Қажеков үздік үштікке енді. 

50 метрге брасс әдісімен жүзуде Дмитрий Баландин қола жүлдегер атанды. Бұл Баландиннің биылғы Азия ойындарындағы екінші қоласы.

Сондай-ақ жүзуден Қазақстан командасы эстафеталық сында көзге түсіп, жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Әділбек Мусин, Әділ Қасқабай, Александр Варакин мен Дмитрий Баландин төрттігі Азиаданың қола жүлдесіне қол созды. Эстафетада Қазақстан командасы 2010 жылдан бері жүлде алмаған болатын.

Бүгін былғары қолғап шеберлері шаршы алаңға шықты. Қазақстан командасының мүшелері Азат Махметов (52 келі), Асланбек Шымбергенов (69 келі) және Сәния Сұлтанқызы (57 келі) алғашқы айналымнан сүрінбей өтті.

Махметов Араб Әмірліктерінің өкілін жеңсе, Шымбергенов индонезиялық боксшыдан басым түсті. Сонымен қатар, Сәния Сұлтанқызы Шри-Ланка спортшысын жеңді.

24 тамыз күнгі есеп бойынша, Қазақстан құрамасында 34 медаль бар. Спортшыларымыз әзірге 3 алтын, 7 күміс және 24 қола медаль жеңіп алды.

Үздіктер үштігін Қытай бастап тұр – 139 медаль (66 алтын). Екінші орындағы Жапонияда 103 (29 алтын) медаль бар. Оңтүстік Корея 77 жүлдемен (23 алтын) үшінші орында келеді.

Ақпарат көзі: olympic.kz

Хабар 24 телеарнасы