352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Бураbike» қайырымдылық велошеруіне 2300 адам қатысты

  • 152

Бурабай баурайында дәстүрлі «Бураbike» қайырымдылық велошеруі өтті.

Бұқаралық шараға осы жылы 2300 адам қатысты. Олардың арасында Александр Винокуров, Серік Сәпиев және кеше ғана Азиада ойындарының екі дүркін чемпионы атанған Алексей Луценко секілді танымал спортшылар да бар. Айта кетейік, биылғы велошеру арнайы Конституция күніне орай өткізіліп отыр.

Биыл қайырымдылық велошеруіне қатысушылардың қатары едәуір көбейген. Мұнда мектеп жасындағы балалардан бастап жасы 60-ты алқымдаған қариялар да бар. Осы шараға қызығушылық танытып, жыл сайын қатысып жүрген қарапайым халық пен кәдімгі спортшылар да жетерлік.

Марал Жұманәлина, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Мен бұл велошеруге үшінші жыл қатысып отырмын. Бұл туралы маған кезінде ұлым айтқан болатын. Міне, содан бері жылда қатысамын. Жаз бойы дайындалдым. Күніне 30 шақырым жолды бағындырамын. Алғашқы жылдары жай қатысушы үшін келсем, осы жолы жылдам жүріп, жедел келуге тырысамын.

Бақытбек Дүйсенов, спортшы:

- Мен өткен аптада Данияның Копенгаген қаласынан келдім. Онда 3,8 шақырым жүзу, 180 шақырым велосипедпен жүру және 42 шақырым жүгіруден тұратын қашықтықты 12 сағатта өтіп, «Темір адам» атандым. Ал Бурабайда өтіп жатқан велошерудің ерекшелігі, бұл, біріншіден, қайырымдылық. Екіншіден, табиғаты тамаша. Өзіңді серуендеп жүргендей сезінесің.

Велошеруге еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин де қатысты. Жалпы, аталған велошеру биыл алтыншы рет өткізіліп отыр. Биылғы қатысушылардың 600-ден астамы 30 шақырым қашықтықты бағындырды. Ал тәжірибелі спортшылар бұдан 2-3 есе ұзақ жолды артқа тастады.

Марат Айтмағамбетов, қайырымдылық қорының директоры:

- Аталған велошерудің негізгі мақсаты – қайырымдылыққа жұмсалатын қаражат жинау. Осы уақытқа дейін жиналған қаржыға біз Ақмола және Қызылорда облыстарының балалар ауруханалары мен емханаларына медициналық қондырғылар сатып әпердік. Бұрын облыс орталықтарын ғана қамтысақ, биыл аудандардың медицина мекемелеріне көмектесеміз. Былтыр дәл осындай велошеруден 158 млн теңге ақша жиналған болатын. Осы жылы да одан кем болмайды деп ойлаймыз. 

Қуантарлығы, қайырымдылық әрі спорт шарасы бұқаралық сипат алып келеді. Велошеруден соң барлық қатысушылар мен келушілер қайырымдылық аукционына қатысты. Ал одан жиналған қаражатқа Алматы, Қарағанды, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарының аудандық, ауылдық ауруханаларына қажетті қондырғылар сатып алынады.

Авторлары: Д.Берікұлы, Е. Шинкаренко, А. Полянный

Хабар 24 телеарнасы