359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстаннан аттанған мүмкіндігі шектеулі жандар велошеруі Еуропаға табан тіреді

  • 90

«Шекарасыз спорт» ауқымды велошеруінің қатысушылары Ресей мен Беларусьті бағындырып, Еуропаға табан тіреді.

Зағип жандар велосипедпен Парижге жетуді жоспарлап отыр. Олар осылайша мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бүгінгі қоғамда бәсекеге қабілетті екендіктерін дәлелдемек. Қазір спортшылар Польшаға келді.

«Шекарасыз спорт» құрамасы ондаған қала мен мыңдаған шақырымды артқа тастап, Польшаға жетті. Осылайша, зағип және көзі нашар көретін спортшылар жоспарланған бағыттың тең жартысын бағындырды. Отандық спортшыларды поляк паралимпиадашылары мен Еуропаның чемпиондары ерекше ілтипатпен қарсы алды. Олар Варшава көшелерімен бірге жүріп өтіп, арнайы баспасөз-конференциясына қатысты. 

Лукаш Шелига, Польша Паралимпиада комитетінің төрағасы:

– Біз Астана-Париж велошеруі жайлы естігенімізде, көмектесуге қашан да дайын екендігімізді білдірдік. Бұл – керемет жоба. Сіздердің спортшыларыңыз Парижге жеткенше, біз жанкүйер болуға әзірміз. Паралимпиадашылар арасында қарым-қатынасты реттеу үшін тиісті келіссөздер жүргізілуде.

Сондай-ақ спортшыларды Қазақстанның Польшадағы елшілігі де салтанатты түрде қарсы алды. Шараға Сейма депутаттары, кәсіпкерлер, спортшылар мен дипломаттар жиналды. Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан велошерудің маңыздылығына тоқталып, жобаға өз үлесін қосты.

Марғұлан Баймұхан, ҚР Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі:

– Өте жақсы шара. Бұл – тек қазақстандық емес, халықаралық шара. Спортшылар тек велосипедпен жүріп, қаланы өтіп жатқан жоқ. Олар поляктармен сөйлесіп, Қазақстан жайлы айтып жүр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жайлы, жетістіктерімізді айтып жүр.

«Шекарасыз спорт» шеруінің қатысушылары жалпы 5 мың шақырымға жуық жолды жүріп өтпек. Сәйкесінше олар күніне 160 шақырымдай жерді артқа тастап келеді. Спортшылар бұл көрсеткіш жолдың сапасы мен ауа райына байланысты өзгеріп отыратындығын жеткізді.

Кенжеғұл Сейітжан, велошеру қатысушысы:

– Біздің мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғаммен етене жақын араластыру. Себебі адам көзі көрмесе, құлағы естімесе, ортадан оқшаулана бастайды. Біздің де кәдімгі адамдар сияқты кәсіпкер немесе спортшы болуға мүмкіндігіміз бар.

«Шекарасыз спорт» құрамасының келесі аялдамасы – Берлин. Спортшылар аялдайтын соңғы шаһар – Париж. 8 қыркүйек күні жерлестеріміз Қазақстанға қайтатын болады. 

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы