352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық велошабандозшылар DMZ турында топ жарды

  • 119

DMZ Tour халықаралық жарысында қазақстандық велошабандоздар үздік нәтиже көрсетті.

Еліміздің жастар құрама командасы сапында Глеб Брусенский, Даниил Пронский және Евгений Федоров жүлделі орыннан көрінді. Қазақстан велоспортшылары жекелей және командалық сында топ жарды.

DMZ – бұл Қос Корея мемлекеттері арасындағы біріккен қауіпсіздік аймақ. Осы жерден Солтүстік Кореяға дейін небәрі 13 шақырым. DMZ турының мәресі дәл мына жерде белгіленген. Бұл халықаралық жарыс биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Және қос ел басшылары кездесуінің нәтижесінде бұл байрақты бәсекелер ең қауіпсіз болып танылды.

Корей түбегіндегі соғыс ресми түрде әлі аяқталған жоқ. Сондықтан жарыста барлық қауіпсіздік шаралар сақталды. Велосипед жолдарын полицейлер мен әскери қызметкерлер күзетті.  

Ли Мен Дже, DMZ Tour ұйымдастыру комитетінің өкілі:

- Өткен жылға дейін жарысымыз шиеленісті жағдайда өтті. Оған Корея түбегіндегі ядролық қару проблемасы себеп болды. Бірақ биыл Солтүстік және Оңтүстік Корея, КХДР және АҚШ арасындағы сәтті келіссөздердің арқасында турды қолайлы жағдайда өткіздік. Әлемнің әр түкпірінен көптеген командалар қатысты. Біз соны мақтан тұтамыз.

DMZ турының бірнеше кезеңінде қазақстандық команда жеңіске жетті. «Медеу» мен «Шымбұлақта» шыңдалған жігіттер жарыста нағыз бабында екендіктерін паш етті. Евгений Федоров үшінші орыннан көрініп, жарыстардағы үздік нәтижесіне қол жеткізді.

Евгений Федоров, DMZ Tour жарысының жүлдегері:

- Мен велоспортпен жеті жылдан бері шұғылданамын. Қазақстан құрама командасына енгеніме екі жыл болды. Кореяның таулары Талдықорған тауларына ұқсайды. Жолдары да бірдей.  

DMZ турында Қазақстанның жастар құрамасы үздік нәтиже көрсетті. Бұған дейін спортшыларымыз жүлделі орындарға жақындай алған жоқ. Енді велошабандоздар Австриядағы әлем біріншілігінде жүлде алуды көздейді.

Вадим Горбачевский, Қазақстан жастар құрама командасының аға жаттықтырушысы:

- Бізге Қазақстан құрамасы, «Астана pro team» командасы және олимпиада ізбасарларын дайындау орталығы көп көмектеседі. Олардан велосипедтер және құрал-сайман аламыз. Алдағы уақытта жүлде алуға үмітіміз бар.  

Велоспорттан Қазақстан жастар құрамасы енді олимпиада мен әлем біріншілігіне дайындалады. Оқу-жаттығу жиындары Алматы облысы Текелі қаласында өтеді.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы