352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Футбол: Қазақстан Андорра командасынан үш ұпай олжалауды көздейді

  • 226

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының топтық кезеңінде Андорра командасынан үш ұпай олжалауды көздейді.

Бұл туралы бүгін матч алдындағы баспасөз-мәслихатында хабарланды.

Жанат Эрнст, Twitter@ZhanatErnst

– Андорраның ұлттық стадионы. Қазақстан құрамасының ойын алдындағы жаттығуы. Бізге керегі тек ғана жеңіс!

Матч алдындағы баспасөз-конференциясында отандық құраманың бас бапкері Станимир Стоилов өз алаңымызда грузиялықтардан жеңілгеніміз оңайға соқпағанын айтты. «Бірақ қазір қол қусырып отыратын кез емес. Андорраны қайткен күнде де жеңуіміз керек», – деді ол. Оның айтуынша, жергілікті команданың Латвиямен болған ойыны көңіл көншітті.

Станимир Стоилов, футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

– Андорра соңғы жылдары жақсы ойын көрсетіп келеді. Менің ойымша, олар тек қорғаныста емес, шабуылда да болады. Барлығы да өзімізге байланысты. Климатқа да тез үйренісіп кетеміз. Шағын мемлекет үшін стадионы да жаман емес. Тек жасыл алаңның сапасы нашар. Алайда ештеңе өзгертпейміз, бәрі де бұрынғыша шабуыл мен қорғанысқа тең дәрежеде көңіл бөлеміз. Жеңіс үшін бар амалды қарастырамыз. 

Бауыржан Тұрысбек, футболдан Қазақстан құрамасының шабуылшысы:

– Әр шабуылшының мақсаты – жеңіс үшін мейлінше көп гол соғу. Менің де көздейтінім осы болмақ. Бар күшімді салуға тырысамын.

Отандық команда ойын тағдырын өз пайдасына шешу үшін басымдыққа ие болуды көздейді.

Кольдо Альварес, Андорра ұлттық құрамасының бас бапкері:

– Қазақстандық ойыншылардың жылдамдығы жоғары. Біз Латвиямен болған ойынның тактикасы туралы талқылап, алған бетімізден қайтпауды шештік. Қарымта шабуылдарды ұтымды пайдалануға тырысамыз. Қазақстан құрамы мен ойыны жағынан Грузия мен Латвиядан әлдеқайда мықты. Сондықтан біз соңғы ойында болған есепке мән бермейміз. Қазақстандық ойыншылар орталық шепте жақсы нәтиже көрсетеді. Сондықтан біраз тер төгуімізге тура келеді.

Матч нәтижесі бүгін түнгі уақытта белгілі болмақ. Испанияның солтүстігіндегі шағын мемлекеттен тікелей көрсетілім түнгі сағат 00.15-те болады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы