352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Канело: Көп сөйлегенді ұнатпаймын

  • 116

Альварес Головкинмен көз арбасудан бас тартты.

Альварес – Головкин жекпе-жек Лас-Вегас қаласындағы 20 мың адамдық аренада өтетіні белгілі. Ұйымдастырушылар барлық билеттің сатылып кеткенін мәлімдеді. Кеше боксшылар сайыс алдындағы баспасөз мәслихатына қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Жарты жыл бойы сырттай айтысып-тартысқан жігіттер бетпе-бет жүздеспеді. Екі мықты шаршы алаңда кездесуді жөн көріпті. Канело дәстүрлі көз арбасудан да бас тартты. 

Сауль Альварес, кәсіпқой боксшы:

– Маған қолдау білдірген командам мен отбасыма алғыс айтамын. Мен жекпе-жекке дайынмын. Көп сөйлегенді ұнатпаймын. Рингте іспен дәлелдегім келеді. Жаттығу жұмыстары жақсы өтті. Сондықтан жеңіске жетіп, тарихта атымды қалдырам деп ойлаймын. 

Геннадий Головкин, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы:

– Мен бокста осындай деңгейге жеткеніме бақыттымын. Көпшілік осы жекпе-жекті асыға тосып отыр. Мексиканың тәуелсіздік мерекесі күнінде бокс жанкүйерлеріне тамаша сый жасаймын. Қазір керемет сезімде жүрмін.

 

Чемпиондар лигасы: «Биік-Қазығұрт» – «Барселона»

«Биік-Қазығұрт» УЕФА чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде «Барселонаны» қабылдап, 3:1 есебімен басым түсті. Әйелдер командалары арасындағы турнирдің алғашқы кездесуі Шымкентте өтті. Ел чемпиондары кездесуді жақсы бастады. Тайм соңына қарай Каталония командасының капитаны Алексия Путельяс өз қақпасына гол соқты. Үзілістен кейін «Биік» қыздары нәтижелі шабуылдарын жалғастырды. 49-минутта Фазила Иквапут есепті еселей түссе, артынша Гүлнара Габелия үшінші голдың авторы атанды. «Барселона» сапынан Тони Дагган жалғыз доппен жауап қатты. Қарымта ойын 26-қыркүйекте Испанияда өтеді.  

 

«Вуэльта» көпкүндігі мәресіне жетеді

Алдағы жексенбіде велоспорттан «Вуэльта» көпкүндігі мәресіне жетеді. Дәл қазір бас жүлдеден бірнеше спортшы үмітті. «Астана» капитаны Мигель Анхель Лопес те алғашқы үштіктен дәмелі. Қазақстандық команданың көшбасшысы кешегі 17-кезеңде он сегізінші  болып мәре сызығын қиды. Колумбиялық велошабандоз жалпы есепте төртінші орынға көтерілді. 157 шақырымдық 17-кезеңде канадалық Майкл Вудс жеңіске жетті. Британиялық Саймон Йетс кешегі кезеңнен кейін қызыл жейдені сақтап қалды. Үздік үштіктің қатарында испаниялық спортшылар Алехандро Вальверде мен Энрик Мас бар. «Астана» капитаны көшбасшыдан 1 минут 36 секунд ұтылып, төртінші орында келеді.

Хабар 24 телеарнасы