356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

GGG: Талаптарыма келіссе, үшінші рет шығамын

  • 317

Геннадий Головкиннің жанкүйерлері оның жеңілісіне сенер емес.

Әлемдік деңгейде аты шыққан спорт шолушыларының өзі бүгінгі шешімге күмәнмен қарайды. Бұған дейін кәсіпқой бокста барлық қарсыласын бүк түсірген Гена шаршы алаңда жұдырықтасуын жалғастыра бермек. «Талаптарыма келіссе, Канеломен үшінші айқас өткізуге де дайынмын», – дейді.

Жексенбідегі таңғы ұйқысын қиып, Головкиннің жекпе-жегін көруге асыққан қазақстандықтардың санында шек жоқ десем, артық айтпаспыз. Лас-Вегастағы тартысты жекпе-жекті тамашалауға мұхит асып бара алмаған жанкүйерлердің бірі үйде, енді бірі арнайы орындарға жиналды.

Шаршы алаңда талайды есеңгіреткен Генаның бүгін жолы болмады. Ардақтаған чемпионынан жұрт жеңіліс күтпеген еді.

12 раундқа созылған тартысты жекпе-жекте төрешілердің екеуі жеңіске Сауль Альварес лайық деп шешті. Сөйтіп 115-те 113 есебімен мексикалық ешкімге дес бермеген отандасымыздан басым түсті. Дегенмен төрешілердің бірі тартыс теңде-тең өтті деген шешім қабылдады.

Аманкелді Сейітханов, спорт шолушысы:

– Бірінші раунд алғаш басталған сәтте сол қол әдемі жұмсалды. Сылқ ете қалды. Сол кезде күдіктенгенбіз, Гена қайтер екен деп. Екінші раундта өте қатты соққы жасады. Головкинге риза болдық, шыдады. Алдырмағандай болды. Бірақ соққының арты соққы ғой. Соңына таман көрінді. Рас, 6-раундта Геннадий шираған сияқты көрінді. Тіпті Канелоның қабағын жарды. Бұл матчтың тағдырын шеше алған жоқ.

Иә, бүгін Геннадийдің жеңісіне сеніммен қарағандар көп болды. Соның бірі – филиппиндік кәсіпқой боксшы Мэнни Пакьяо. Ол өзінің инстаграмм парақшасында жекпе-жек басталмас бұрын Головкиннің топ жаратынын жазған.

28 жастағы Канелодан отандасымыз 8 жас үлкен болса да, көпшілік оның бабында екенін айтады. Шетелдік мықты деген спорт шолушыларының өзі бұл тартыстың әділ өткеніне күмән келтіруде. Мәселен, ESPN-нің журналисі Стивен Эй Смит Головкин жеңіске жетті деп мәлімдеді. Ресейдің кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Андрей Рябинский мен бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев та осындай пікірде. Әлемді мойындатқан спортшыны қанатының астына алып, шынықтырған бұрынғы жаттықтырушы Ғалым Кенжебаев та, шәкірті қарсыласынан басым түсті деп санайды.

Ғалым Кенжебаев, Г.Головкиннің бұрынғы жаттықтырушысы:

– Жекпе-жек өте ауыр өтті. Бірақ соңғы раундтарда Геннадий Головкин жеңіске жетті. Біз ол қарсыласын нокаутқа жібереді деп күттік. Себебі, тартыс Лас-Вегаста өтті. Ол Сауль Альварестің өз үйі секілді. Онда оның мексикалық жанкүйрелері өте көп. Әрі Альварес Геннадийден әлдеқайда жас. Сондықтан оған сенімді жеңіс керек еді. Себебі өз үйінде жұдырықтасатын мұндай тартыстарда кейде сенің шәкіртің жеңіп жатқанын іштей байқайсың. Бірақ оған жеңіс бермейтінін білесің. Себебі шешімді төрешілер қабылдайды. Бұл – бизнес.

Головкин мен Канелоның былтырғы жекпе-жегіне күмәнданғандар да көп болған. Төрешілер екі спортшы тең түсті дегенімен, кей сарапшылар Геннадий басымдық танытты деп жатты. Қалай болғанда да, жанкүйерлері үшін Гена – бүгінгі күннің батыры.

Олжас Әкімов, жанкүйер:

– Головкин жеңіледі деп күткен жоқпын. Өйткені ол мықты және де жақсы бокс болды. Ойындағыны іске асырды деп ойлаймын. Оның алдында төрешілер дұрыс баға бермеді.

Данияр Исмайылов, жанкүйер:

– Головкинге жанкүйер болдық. Өкінішке орай жеңілді. Бірақ ол әрдайым біз үшін жеңімпаз.

Сауль Альварес жекпе-жек аяқталысымен-ақ, Головкинмен үшінші рет жекпе-жек өткізуге дайын екенін айтып, дандайсыды. Геннадий де тағы бір айқастың болғанын қалайды.

Саят Жөкенұлы, журналист, халықаралық сарапшы:

– Головкин таза ар-ождан тұрғысынан, бокстың таза ережесі тұрғысынан менің ойымша жеңіске жетті. Бұл енді интригалар, бокстағы саяси процестердің, маркетингтің әсері. Сондықтан бұған ешқандай таңқалудың немесе өкінудің қажеті жоқ.

Мұндай пікірлерге қарамастан, аз сөйлеп семіз шығатын Гена бұл жолы да батырға сай ұстамдылық танытты. Канелоны құттықтап, шаршы алаңда жұдырықтасуды қалайтынын жеткізді.

Геннадий Головкин, тілші:

– Ең алдымен Канелоны құттықтағым келеді, себебі бүгін ол үйіне чемпион болып қайтты. Бүгін екеуміз үшін де жақсы айқас болды. Әрине қазір көп нәрсе айтуға болады. Мен өзімді чемпионмын деп есептеймін, ол да жақсы айқасты. Бүгін екі чемпионның жекпе-жегі болды. Мен өзімді өте жақсы сезіндім. Айқасты бастан-аяқ бақылауда ұстадық. Мен боксшымын, мен спортшымын, мен өз жұмысымды әрі қарай жалғастыра бермекпін. Әрине, үшінші жекпе-жек өткізсек, керемет болушы еді. Біз бұл туралы әлі сөйлесеміз.

Үшінші жекпе-жектің болар-болмасы әзірге белгісіз. Бірақ жанкүйерлер дәл осы тартысты асыға күтері анық.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ерлан Наурызбаве, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы