Уэйн Руни «Дерби Каунти» клубының бас бапкері болып тағайындалды

Уэйн Руни «Дерби Каунти» клубының бас бапкері болып тағайындалды
фото: GETTY IMAGE

«Манчестер Юнайтед» пен Англия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Уэйн Руни футболмен қоштасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол ойыншы ретінде енді алаңға шықпайды. Ал, ала доп шаруашылығында қала береді. Енді мәлім болғандай, Уэйн Руни «Дерби Каунти» клубының бас бапкері болып тағайындалды. Келісімшарты 2 жылға созылады. 

«Эвертон» сапында жүріп соққан осы голдан кейін ақ жас жігіттің жұлдызы жарқырап жанды. «Арсенал» екпінін басқан Уэйн Руниді енді Ливерпуль маңы ғана емес, тұтас Тұманды Альбион таныды. Отыз ойын бойы ешкімге дес бермеген «канонирлерді» тұсау оңай дейсіз бе? Сэр Алекс Фергюсон сөзге келместен 25,6 млн фунт стерлинг санап беріп, он сегіз жастағы ойыншыны «Манчестерге» алдырады.

«Манчестер Юнайтед» жейдесін киген Уэйн Руни премьер-лигада 253 гол соқты. Бес дүркін чемпион атанды. Қала дербиінде де өз жанкүйерлерінің көңілін шығып, өзге қарсыластырының да апшысын қуырды. Келісті шабуылшы кез келген қақпашының эәре-құтын қашырды.

Шалқалап барып тепкен мына добы да жанкүйерлер есінде шығар. «Манчестер Юнайтед» 2008 жылы чемпиондар лигасында жеңіске жетті, финалда «Челсиден» басым түсті.

Руни «Манчестер» командасының жарық жұлдызы болды. Англия құрамасының да аты аңызға айналған ойыншысы еді. «Юнайтедтен» Фергюсон кеткен соң да өз командасын жеңіске жетеледі. Оның ізі тек «Олд Траффордта» қалған жоқ, әлемдік футболда да сайрап жатыр.