Шымкентте футболдан «Жастар» республикалық турнирі басталды

17 жасқа дейінгі жасөспірім аяқдопшылардың басын қосқан дода ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарысқа еліміздің әр аймағынан 18 команда қатысуда. Олар жеребе бойынша төрт топқа бөлінді. Футбол турнирінің алғашқы ойындары «Қайрат» пен «Атырау» және «Оңтүсік» пен «Тараз» командалары арасында өтті. «Ойыншылардың сайысқа әбден дайындалып келгені көрініп тұр», - дейді ұйымдастырушылар. Футболшылардың киім ауыстыратын орнында санитарлық талаптар қатаң сақталған. Әр матч сайын антисептикпен тазаланады. Ойындар ақпанның 20-27 аралығында өтеді.

Бақыт Күшенов, «Оңтүстік» футбол академиясының директоры:

- Былтыр осы жарысымыз пандемияға байланысты тоқтап қалған болатын. Финалдық ойындар ойналмай қалды. Міне, бір жыл өте федерацияның жасөспірімдер департаменті қолға алып, турнир қайта жаңғырып жатыр. Нұр үстіне нұр бүгін. 20 команда келіп отыр. Бұл турнир біріншіден, команда жасақтауға, екіншіден, өзіміздің жасөспірімдер құрама командасын реттеу жұмыстары жүреді. Бұл жарыстың пайдасы көп бізге.