«Барыс» Гагарин кубогы жолындағы жарыстан шығып қалды

«Барыс» Гагарин кубогы жолындағы жарыстан шығып қалды

Ширек финал жолдамасын Магнитагорскінің «Металлургымен» сарапқа салған Юрий Михайлис шәкірттері алтыншы кездесуде қарсыласына жол берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Матч «Барыс Аренада» өтті. Бірінші кезеңде екі команда да гол соға алмады. Тіпті айдын иелері екі ойыншысы артық болған кезде де мүмкіндікті мүлт жіберді. Үзілістен кейін Семен Кошелев есеп ашып, қонақтарды алға шығарды. Бірақ көп ұзамай Линус Видел таразы басын теңестірді. Сәлден кейін Денис Расмуссен Тэйлор Бек бастаған шабуылды түйіндеді. «Барыс» жағдайдың ушыға түскенін түсінді. Түсінді де алға ұмтылды. Ұрымтал сәттің бірінде Видел Никита Михайлиске пас шығарып, оныншы нөмірлі ойыншы мүлт кеткен жоқ. Ал, үшінші кезеңде қонақтар қайта түледі. «Металлургты» өрге сүйреп келе жатқан Сергей Мозяйкин ойын тізгінін өз қолына алып, алдымен командасының мерейін үстем етті. Тэйлор Бек ұсынған пасты керегіне жаратып. Артынша Тэйлордың гол соғуына жағдай жасап берді. Елордалық Кирилл Панюков голынан кейін «Барыс» үшін бір үміт жылт еткендей болып еді. Бас бапкер қақпашының орнына алтыншы ойыншыны шығарып, өзінше бір амал жасаған. Алайда бос қалған қақпаны Сергей Плотников байқап, өз шеберлігін көрсетті. Қортынды есеп 5:3, «Металлург» келесі кезеңге жолдама алды.