Үйде отырып спортпен айналысуға мүмкіндік бар

Үйде отырып спортпен айналысуға мүмкіндік бар
Gov.kz

Ұлттық дельфий комитеті «Fitness Park KZ» жобасының әдістемесін түсіндіру мен презентация үшін дене шынықтыру пәнінің оқытушылары мен бапкерлеріне арналған жоба бағдарламасы мен әдістемесін алға жылжыту бойынша онлайн шеберлік сағаттарының топтамасын бастады.

Тренингтер 16 маусымға дейін Zoom платформасында өтеді, оған дене шынықтыру пәнінің оқытушылары мен бапкерлерінен басқа барлық қалаған адамдар қатыса алады.

«Fitness park KZ» жобасы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы гранты шеңберінде іске асырылып отыр. Жоба ұйымдастырушысы – Ұлттық дельфий комитеті. Жобаның мақсаты – ел жастары арасында бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды насихаттау мен дамыту болып табылады.

Шеберлік сағаттарының спикерлері мен қатысушылары ретінде «Fitness park KZ» бағдарламасының әзірлеушілері мен Қазақстанның бүкіл аймағындағы дене шынықтыру пәнінің оқытушылары мен бапкерлері қатысады.

«Біздің жобамыздың аясында бұқаралық спортты дамытудың әдістемесі мен бағдарламасы әзірленді, сондай-ақ, еліміздің барлық өңірлерінде бұқаралық спорттық іс-шаралар жоспарланған. Жастар арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер жобасына сәйкес дене шынықтыру мұғалімдері, жаттықтырушылар әсер етудің және мақсатты топты дене белсенділігімен айналысуға тартудың негізгі факторларының бірі болып табылады. Осылайша, бұқаралық іс-шаралар мен жастарға арналған шеберлік сағаттары мен жаттығулардан басқа, дене шынықтыру мұғалімдері мен жаттықтырушыларына арналған онлайн шеберлік сағаттарының топтамасын іске қосамыз», – деді жоба жетекшісі, Ұлттық дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова.

Айта кететін жайт, жоба бағдарламасында арнайы әдістеме шеңберінде әзірленген жаттығу түрлері (ұрыстық, күштік тренинг, аэробика) мен ширатуға арналған шеберлік сағаттарының бейнероликтері ұсынылған. Оның барлығы жобаның әлеуметтік желілерінде бар. Сондай-ақ, мамыр мен тамыз айларының аралығында Қазақстанның барлық аймақтарында оффлайн іс-шаралар – күштік, функционалдық жаттығулар, йога, зумба, би және т.б. бойынша жастарға арналған бұқаралық ширатулар мен шеберлік сағаттары өткізіледі.

Одан бөлек, 25 маусымға дейін (қоса алғанда) дене шынықтыру пәнінің оқытушылары «Fitness park KZ» республикалық конкурсына қатысып, жоба әдістемесі мен бағдарламасына негізделген жаттығулардың авторлық кешенінін ұсынуға мүмкіндік бар. Жеңімпаздар құнды сыйлықтармен марапатталатын болады.

Шеберлік сағаттарының жазбасын жобаның әлеуметтік желілерінен тамашалауға болады.