Елордада даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровке ескерткіш қойылады

Күзде елордада даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровке арнап ескерткіш қойылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алып мүсінді споршының есімімен аталатын жекпе-жек сарайының алдына орнатады. Біздің арнаға әлі құйылып бітпеген мүсінді түсіруге рұқсат берді. Жақында Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт мектебінің құрылысы да басталады екен.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Тірісінде тұғырдан түспеген, тумысы да, тұрпаты да бөлек жан еді... Ажал келіп, былтыр арамыздан алып кеткен. Бірақ мұқым жұрт даңқты балуанды қайта тұғырға қондырмақ. Елорда іргесіндегі осы цехта мүсіні құйылып жатыр. Он шақты адам жұмысқа жең түре кірісіп кеткен.

Серік Рүстембеков, Қазақстанның Еңбек сіңірген архитекторы:

- Жақсылық Үшкемпіров тек спортсмен емес, ол көрнекті қоғам қайраткері. Сондықтан біз бет-бейнесін келтіруге, қайраткер ретінде, азамат ретінде, белгілі, атақты азамат ретінде бет-бейнесін келтіруге тырыстық.

Олимп шыңын бағындырған балуанның мүсіні қоладан құйылмақ. Биіктігі 3,5 метрден асады. Ал тұғырымен қоса есептегенде 7 метрге жуықтап қалады. Қарға бойлы қалақтай қазақ баласы ел есімін төрткүл дүниеге танытқан. Жауырыны жерге тимеген балуанның әлемдік жарыстарда еншілегін жүлдесі аз емес. Соның негізгі дегендерін осы мүсіннен байқауға болады.

Серік Рүстембеков, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы:

- Үшкемпіровтің атақты спортсмен екені белгілі. Оның ішінде ең басты жүлдесі Олимпиада чемпионы болды. Әлем чемпионы болды. Екі мәрте Еуропа чемпионы болды. Жалпы 37 рет неше түрлі халықаралық жарыста жеңімпаз болып шыққан.

Әу баста он шақты нұсқа болған екен. Бірақ көзге оттай басылғаны осы. Мүсіншілер жұмысты жарты жыл бұрын бастағандарын айтады. Енді қалғаны дәнекерлеп, кескін-келбетін әрлейді.

Сосын қаланың қақ ортасындағы осы сарайдың алдына орнатады. Бұл спорт кешеніде де қазір Жақсылық Үшкемпіровтың есімімен аталады.

Жандос Үшкемпіров, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының директоры:

- Қаланың архитектурасының келісімімен осы жерді таңдадық. Осы көшенің қиылысына қарап тұратындай, елге көрінетіндей, міне мында аллея бар. Осы жерге жарық орнатамыз. Алыстан көрінетіндей қылып тұрып. Мынау жекпе-жектің тура алдында орналасады.

Арда азаматтың атымтайлығын айтатындар аз емес. Ол кісі жағдайы жұтаң жандарға қал-қадірі жеткенше жәрдем қылып жүретін. Абырой биігінде тұрса да, өзін халқынан биік қоймады. Елім деп елжіреп өткен ердің есімін елі ендігіде ұлықтай бермек.

Жандос Үшкемпіров, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының директоры:

- Биыл 5-7 маусым күндері жастар арасында грек-рим күресінен халықаралық жарыс өтті. Осы қыркүек айында әкімшіліктің қолдауымен жекпе-жек сарайының алдына Жақсылық Үшкемпіровтың мүсінін қойсақ деген жоспарымыз бар.

Барлық шаруа мұнымен шектелмейді. Даңқты балуанның ұлы Жандос жақында Жақсылық Үшкемпіров спорт мектебінің құрылысы басталады деп қалды. «Тірісінде әкем Грек-рим күресінен тағы бір қазақ баласы Олимпиада чемпионы болса екен деп армандап кетті», - дейді. Бәлкім сол мықты осы спорт мектебінен түлейтін шығар.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ерзат Зайытхан