Боксшыларымыз Олимпиадаға дайындығын пысықтауда

Қазақстандық боксшылар Олимпиададан алтынсыз қайтқан емес. Биыл да осы қарқыннан таймайды. Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалым Кенжебаев жігіттердің дайындығына қатысты осындай пікір білдірді. Қазір ел намысын қорғайтындар  Алматыда әзірлікті пысықтап жатыр. Спортшылар 2 күннен кейін Токиоға аттанады. 

Алатау бөктеріндегі боксшылар базасы. Бұнда жігіттер міне оныншы күн қатарынан жауынгерлік дайындықты пысықтап жатыр. Оның барысын бізге жіберілген осы эксклюзивті кардрлардан ғана көре аламыз. Өйткені қалыптасқан жағдайға байланысты санитарлық талаптар қатаң. Бұрынғандай емін-еркін кездесіп, сұхбат құруға болмайды. Белгілісі, ұлттық құрамадағы номері екінші және үшінші боксшылар да шақырылған. Қазір бірлескен спаррингтер өткізіліп, күштік әдістерге басымдық беріліп жатыр.

Боксшылар алтынсыз оралмауы қажет. Басқа спортшыларды қайдам, бірақ дәл дәл осы жігіттерге артылатын жүк ауыр. Өйткені қазақ елі Атланта олимпиадасынан бері кемінде бір чемпионнан шығарып келеді. Оны спортшылар да, бапкерлер де жақсы түсініп отыр. Бұл жолы да Олимпиада чемпионы не чемпиондары болады. Бірақнақты мынау деп бөліп жарғым келмейді. Барлығы да бабында дейді бас бапкер. 

Ғалым Кенжебаев, Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:

- Олимпиададағы әр жеңісті ерлікке балаймын және жігіттерді де осылай қанаттандырамын. Қай-қайсы да рингке шығып, ерлік көрсетуі керек. Қарсыласты бірден қысымға алып, физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да басым болуы қажет. Әсіресе соңғы Азия чемпионатындағы есені қайтаруға міндеттіміз. Барлығы тас-түйін дайын және шетінен ерлік көрсетіп, чемпион атанатындарына сенімдімін. 

Ал сарапшылардың болжамы әрқалай. Біреулері қалыптасқан дәстүр бойынша 69 келідегі Абылайхан Жүсіпов жеңіс жолын жалғастырады дейді. 75 келідегі Әбілхан Аманқұл мен 81 келідегі Бекзад Нұрдәулетовтен те зор үміт бар. Қала берді Василий Левит өткен ойындардағы есені қайтарып, көптен күткен арманына қол созуы керек дейтіндер бар. Бұған қоса Қамшыбек Қоңқабаевқа бәс тігетіндер көп. Бекерден бекер ашылу салтанатында көк байрақты ұстау құрметі бұйырмаған шығар. Жарайды, нақты нәтижені бірер аптада білеміз. Жоспар бойынша жігіттер 16 шілдеде жолға шығады. Ал бокстан іріктеу сындары 24-і күні басталады. Арадағы бір апта карантиндік талаптарды орындап, жергілікті климатқа үйренісуге жеткілікті дейді бапкерлер. Қазір жігіттердің қай-қайсы да бабында. Жарақат алғандары жоқ. Көңіл-күйлері керемет.

Аслан Қаженов