Токиода бірқатар спорт түрінен сайысшыларымыз жүлдесіз қалды

Токиода бірқатар спорт түрінен сайысшыларымыз жүлдесіз қалды

Боксшы Сәкен Бибосынов жарысты сәтті бастады. Пуэрто-Рикадан келген қарсыласын жеңіп, сайыстың келесі кезеңіне өтті. Бірақ қалған спортшылар шетінен сүрінді. Мергендер мен ескекшілер ел үмітін ақтай алмады.

Шарболаттай шыңдалып алған Сәкен Бибосынов шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмей жүр. Жарысты сәтті бастады. 52 келі салмақта өнер көрсеткен ол, пуэрторикалық қарсыласын жеңіп, сайыстың келесі кезеңіне өтті.   

Ал мергендеріміз мүлт кетіп жатты. Қару ұстағаны да, садақ асынғаны да жарысты ерте аяқтады. Бүгін садақ атудан командалық сайыстың медальдары сарапқа салынған. Қазақстан құрамасында Санжар Мұсаев, Ильфат Абдуллин, Денис Ганьгин үштігі жарысқа араласты. Біздің жігіттер 1/8 финалда Үндістан құрамасымен бәсекеге түскен еді. Алайда жерлестеріміздің атқан жебелері нысанадан қиыс кетіп жатты. Ақыр соңында қарсыласқа есе жіберіп қойды. Сөйтіп, командалық бәсекеде жүлдесіз қалды. Енді осы үштік жекелей сында бақ сынап көрмек. 

Мылтығын майлаған мерген қыздарымыз да жарыс жолынан шығып қалды. Стенд атудан екі күнге созылған іріктеу кзеңінен кейін Қазақстан спортшылары шешуші сыннан шет қалды. Әсем Орынбай мен Зоя Кравченко «скит» жаттығуында жүлдеге таласып көрді. Алайда үздік алтылықтың қатарына ене алмады. Әсем 111 ұпаймен жарысты 26-орында болып аяқтаса, Зоя 113 ұпаймен 22-орыннан көрінді. 

Бүгін Олимпиада жүлдесіне таласқандар қатарында Александр Куликов та болды. Слаломды есуден жартылай финалға дейін жеткен жерлесіміз, жарысты сол кезеңде аяқтады. Куликов 12-нәтижемен жарыстан шет қалды. Финалдық сайысқа өту үшін алғашқы ондықтан көріну керек. Ал әйелдер арасында қазақстандық Екатерина Смирнова іріктеу кезеңінде жарысты аяқтаған еді. 

Кирилл Герасименко да елге қайтады. Үстел теннисінен үшінші кезеңде атақты Тим Боллмен шеберлік байқасқан жерлесіміз 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Алғашқы геймді жақсы бастаған Герасименко сосын жүрісінен жаңылды. Неміс жігіті де қарқынын үдете түсіп, Кириллдің жиі қателесуіне өз әсерін тигізді. Бірінші партия 11:7 есебімен Қазақстандық ойыншының пайдасына шешілді. Сосын Тим Болл өз білгенін істеді. Қатарынан төрт геймде басымдық байқатқан неміс жігіті келесі кезеңге шықты. 

Дастан Сейілханұлы