Әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері елге оралды

Еркін күрестен әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері елге оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байрақты бәсекеде топ жарып, ел мерейін үстем еткен балуандарды бүгін Түркістан әуежайында ата-аналары мен жергілікті тұрғындар күтіп алды.

Түркістан жұрты чемпиондарға лайықты құрмет көрсетті. Халықтың ыстық ықыласына бөленген спортшылар ақшалай сыйақы алды. Әлем чемпионына 1 млн, қола жүлдегерге 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

Айта кетейік, 16-22 тамыз аралығында Ресейдің Уфа қаласында жастар арасында грек-рим және еркін күрестен әлем чемпионаты өткен болатын. 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Нилуфар Раимова алтыннан алқа тағынып, жарыс жеңімпазы атанса, 59 келіге дейінгі салмақта күрескен Мадина Аман қола жүлдеге ие болды.

Нилуфар Раимова, еркін күрестен әлем чемпионы:

– Әлем чемпионатына барғандағы бірінші мақсатым әлем чемпионы атану болды. Қазақ елінің үмітін ақтау. Тек қана көк туымызды көкте желбірету болды. Бұйыртса, Норвегия елінде ересектер арасында әлем чемпионаты болады. Соған дайындалу керек.