«Барыс» хоккейшілері «Автомобилист» клубынан басым түсті

«Барыс» хоккейшілері «Автомобилист» клубынан басым түсті

«Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу аса тартысты өтті. Командалар бір-бірінің қақпасына жиі шабуылдады. Нәтижесінде олар қақпадан саңылау тапты.

Бірінші кезеңде командалар бір-бір шайбадан алмасты. Ойынның 2-минутында «Барыс» хоккейшісі Даррен Диц мергендік танытса, 4-минутта ресейлік командадан Данил Романцев таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңнің 29-минутында қазақстандық Егор Петухов қайтадан «Барысты» алға шығарса, одан кейін «Автомобилист» сапынан Джесси Блэкер 31, Георгий Белоусов 37-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Үшінші кезеңде басталғаннан кейін қазақстандық командадан Никита Михайлис 43, Джо Морроу 46-минуттарда гол соқса, 50-минутта ресейлік Алексей Макеев тағы да таразы басын теңестірді. Негізгі кезең 4:4 есебімен аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңіс шайбасын Якуб Лилья соқты. Осылайша «Барыс» қарсыласынан 5:4 есебімен басым түсті.

Енді «Барыс» 29 қыркүйекте сырт айдында Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасымен кездеседі. «Барыс» бұдан бұрын елордада Ресейдің «Сибирь» командасын овертаймда 2:1 есебімен басым түскен еді.