Шығысқазақстандықтар «100 шақырым+» челленджіне үн қосты

«100 шақырым+» челленджі жүздеген қазақстандық желаяқты бей-жай қалдырмады. Әрбір қатысушы бір айдың ішінде осы қашықтықты еңсеріп, көрсеткіштерін мобильдік қосымшада тіркеуі тиіс. Бас жүлде – бір жарым миллион теңге, деп хабарлайды Хабар 24.

Өскемендік 20 жастағы Данил Жилин алдағы марафонға қызу дайындық үстінде. Бір аптада 60 шақырым жүгіріпті. Дегенмен ең бастысы бас жүлде алу емес, денсаулықты нығайту деп есептейді жас жігіт. Данилдің тағы бір қасиеті фотоаппаратын жанынан тастамайды. Көркем табиғат көрсе, суретке түсіргенді жаны сүйеді.

Данил Жилин, «100 шақырым+» челленджіне қатысушы:

- Жүгіру мен үшін рухани демалыс. Тәнің шаршағанмен, жаның демалады. Алдағы марафонда небір жүйріктер жолға шығады. Олардың осалы жоқ деп ойлаймын.

«100 шақырым+» челленджі мыңнан астам қазақстандықтың басын қоспақшы. Алматы мен қызылжарлық желаяқтар 200 шақырымды артқа тастап үлгеріпті. Ал семейлік Нұрлан Бегәділов қай спортпен болсын тұрақты айналысу ешқашан кеш емес екенін дәлелдегісі келеді.

Нұрлан Бегәділов, «100 шақырым+» челленджіне қатысушы:

- 40 жыл спортпен айналыспай келіп, бірден жүгіруге ден қою оңай болған жоқ. Алғашқы айларда тіпті, артық салмағым да кедергі келтірді. Ақырындап қиындықтың бәрі артта қалды, аптасына 40-50 шақырымды еңсеретін болдым. Қазір спортсыз өмірімді елестете алмаймын. 

Жарысқа қатысушылардың арасынан жеңімпаз анықтау лотерея жүйесімен анықталады. Бас жүлде – 1,5 миллион теңге. Дегенмен марафоншылардың ешқайсысы да жеңілмейді, өйткені денсаулық – зор байлық!

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Вячеслав Ветлугин, Медет Өмірханов, Дмитрий Пыхтин