Абылайхан Жүсіпов венесуэлалық боксшыны жеңді

Теміржанов пен Жүсіпов жеңіске жетті. Сербия төрінде бокстан әлем чемпионаты жалғасып жатыр.

Жарыстың төртінші күні шаршы алаңға 3 жерлесіміз шықты. Әсіресе жеңіл салмақтағы Серік Теміржанов жапондық Рейто Цуцумимен жолығып, айқын басымдықпен ұтты. Жастар арасындағы әлем чемпионы Серікке қарсы ешқандай әдісті сәтті қолдана алмады. Ал жерлесіміз керісінше соққылар сериясын жаудырды. Осындай сәттердің бірінде қарсыласы есеңгіреп, нокдаун тіркелді. Осылайша төрешілердің шешімімен Серік Теміржанов екінші кездесуінде жеңімпаз атанды. Енді ол үндістандық Рахит Мурмен жұдырықтасады.

Ал ұлттық құрама капитаны Абылайхан Жүсіпов венесуэлалық Кристиан Паласионы ұтты. Жерлесіміз жекпе-жек басынан басымдық танытып, 3 раунд бойы қарқынын жоғалтпады. Соның арқасында төрешілер бір ауыздан Абылайханды жеңімпаз деп таныды.

Айта кетейік, қазақстандық боксшы осының алдында Тайпей спортшысын жеңген еді. Енді польшалық Дамиан Дуркажбен кездесіп, ширек финал жолдамасын сарапқа салады.

Ал аса ауыр салмақтағы Нұрлан Сапарбай алғашқы кездесуінде қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Бұған дейін жерлестеріміз арасынан Бек Нұрбағамбет те жеңілген еді. Қалған жігіттер жарысты жалғастырып жатыр. Шаршы алаңға енді шығатын тағы 6 боксшымыз бар. Мәселен, бүгін жеңіл салмақтағы Махмұт Сабырхан, орта салмақтағы Саматәлі Төлтаев және 92 келіге дейінгілер арасында Айбек Оралбай жұдырықтасады. Олар қазір Белград қаласында дайындықты пысқытап жатыр. Сербиядағы дода 6 қарашаға дейін жалғасады.