Қазақстандық теннисші Үндістандағы турнирдің жеңімпазы атанды

Қазақстандық теннисші Үндістандағы турнирдің жеңімпазы атанды
Olympic.kz

Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Үндістанның Пуна қаласында ITF W25 сериясы бойынша өткен турнирдің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Olympic.kz.

Данилина украиналық Валерия Страховамен бірге финалда жапониялықтар Фуна Козаки – Мисаки Мацудамен бас жүлдені сарапқа салды. Қазақстандық-украиналық жұп тартысты матчта 6:0, 2:6, 10:5 есебімен жеңіске жетті. Анна Данилина осылайша жұптық сында ITF World Tennis Tour додаларында спорттық жолындағы 23-інші, биылғы 9-титулына қол жеткізді. Ол сондай-ақ биыл Польшада WTA 250 жарысында алғаш рет чемпиондық атақты жеңіп алды.

«Осы аптадағы табысымыз үшін Валерия Страховаға алғысымды айтқым келеді. Енді елге келіп, бірнеше күн демаламын. Жаңажылдық мерекені өз отбасыммен өткізіп, сосын жаңа маусымға дайындаламын», – деді Анна Данилина.

Айта кетерлігі, қазақстандық теннисші қазіргі кезде жұптық сында әлемдік рейтингіде 75-орында тұр.