Ақмолалық спортшылар үшін өткен жыл табысты болды

2021 жылы 700-ден астам ақмолалық спортшы түрлі жарыстарда топ жарды. Облыс атлеттері 275 алтын, 200-ден аса күміс және 265 қола медаль медаль еншіледі, деп хабарлайды Хабар 24.

Спортшылардың алды әлем чемпионатының шыңын бағындырса, енді бірі елішілік додаларда жеңіске жетті. Сиыр жылы қанжығасы майланған спортшылардың бірі – Теміртас Жүсіпов. Бұған дейін 5 дүркін ел чемпионы болған боксшы, 33 жасында алғаш рет әлем чемпионы атанды. Оның Сербиядағы жеңісіне бүкіл дүние жүзі куә. Ал мұндай жетістік Ақмола облысының бокс тарихында тұңғыш рет тіркелді.

Теміртас Жүсіпов, бокстан әлем чемпионы:

– Бұл әлем чемпионатына мен өте тыңғылықты дайындалдым. Сөйтіп арман-мақсатыма табанды күрестің арқасында жеттім. Маған сенім білдіріп, мені қолдаған барша қазақстандықтарға алғысым зор. Қазір менде аздаған үзіліс. Әрі қарай не боларын әзірге нақты айта алмаймын. Бәрін өз уақытында көре жатармыз.

Биыл жерлесіміз Давид Дегтярев та параолимпиада ойындарында алтыннан алқа тағынып, облыстың ғана емес бүкіл еліміздің абыройын асқақтатты. Мәртебемізді асырған жігерлі спортшыға облыс орталығынан 3 бөлмелі пәтер беріліп, темір тұлпар тарту етілді.

Әсет Бүкібаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Бірақ біздің жетістіктер мұнымен бітпейді. Мәселен, боксшы қызымыз Дина Жоламан Азия чемпионы атанса, ауыр атлетикадан Карина Құзғанбаева күміс медальге ие болды. Ал 16 жастағы садақшы Андрей Тютюн халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Біздің ардагерлер спортшыларымыз да жастардан қалысар емес. Мәселен, жақында өткен Қазақстан чемпионатында олар жүлделі орындар алды.

Аймақта қысқы спорт та жақсы дамып келеді. Аудандарда жыл сайын шаңғышылар жарысын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бұл үрдістің нәтижесі де жаман емес. Мәселен, жуырда ғана Алматыда өткен қысқы спартакиадада ақмолалықтар жалпы командалық есепте 3 орынға табан тіреді.

Әсет Бүкібаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Қазір 2022 жылға жоспарланған негізгі міндет ақпан айында Қытайдың Бейжің қаласында өтетін қысқы олимпиадаға лицензия алу. Одан 6 шаңғышымыз үмітті және тағы бір спортшымыз паралимпиадаға баруға дайындалып жатыр. Одан кейінгі жазғы Азия ойындарына әзірлікті пысықтау қажет.

Облыстық спорт басқармасының мәліметіне сенсек, 2021 жылы 40 шақты спорт нысаны ашылған. Жалпы қазір аймақта 2 жарым мыңнан аса дене шынықтыру орны бар. Ал оларда 260 мыңнан астам ақмолалық спортпен айналысады. Бұл өңір тұрғындарының 35,7 проценті. Осылайша бүгінде Ақмола облысы спортпен шұғылдану жөнінен республикада батыс аймақтардан кейін 3 орында тұр.

Авторы: Дамир Берікұл