ММА-ден әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасының жарыстың екінші күніндегі қорытындысы

ММА-ден әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасының жарыстың екінші күніндегі қорытындысы

Бүгін, 24 қаңтар күні Абу-Дабиде ММА-ден әлем чемпионаты басталды. Әлем біріншілігінде 56 елінен 421 спортшы қатысуда. Жарыстар 18-21 жас (жастар) және 21+ (ересектер) жас санаттарында өткізіледі.

1/8 финал кезеңінде 18 қазақстандық спортшы қарсыластарымен сегізбұрышта кездесті.

Жарыс күнінің басталуы қазақстандық команда үшін оңай болған жоқ. Бірден үш спортшы жеңілді.

61,2 келі салмақта өнер көрсеткен Алматы облысының өкілі Айжан Сүйдуова ресейлік спортшы Татьяна Потарнаковаға есе жіберді. Ресейлік спортшы бірінші раундта қылқындыру әдісін қолданып мерзімінен бұрын жекпе-жекті аяқтады. Алматылық Мөлдір Әшірбекова (61,2 келіге дейін) австриялық Катарина Рычковадан қылқындыру әдісімен жеңілді. Түркістан облысының өкілі Әйгерім Төреханова поляк спортшысы Паулина Вишневскадан техникалық нокаутпен жеңілді.

Атырау облысынан келген Ерұлан Қабдулов (52,2 келіге дейін) мексикалық Джафет Манцоны төрешілер шешімімен жеңді.

Маңғыстау облысының өкілі Нұрбол Құлжабаев (56,7 келіге дейін) эстониялық Данила Горбуновты қылқындыру әдісімен мерзімінен бұрын жеңді.

Алматы облысының намысын қорғаған Дастан Жақыпбеков (56,7 келіге дейін) төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен үндістандық спортшы Махбуб Хан Мохаммедті жеңді.

Түркістан облысынан келген Иманғали Әбдіқайым (61,2 келіге дейін, жастар) Бахрейн намысын қорғаған мықты қарсыласы Мұрад Ибраһимовтан төрешілердің шешімімен ұтылды.

65,8 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін қарағандылық Анатолий Золотых бірінші раундтың соңғы секундтарында итальяндық Даниэль Кальдарерді ұтып, жекпе-жекті техникалық нокаутпен аяқтады.

Күннің жеңімпазы Батыс Қазақстан облысының өкілі Самғат Шабдан (65,8 келіге дейін, жастар) атанды. Ол ресейлік Гаджи Аджиевке сенімді түрде үстемдік етіп, бірнеше есе жіберді. Төрешілер сөзсіз жеңісті Самғатқа берді.

Шымкенттік боксшы Бекзат Жасия (65,8 келіге дейін) үш раундты да сенімді өткізіп, австралиялық спортшы Дэниел Митчеллді төрешінің шешімімен жеңді.

Атырау облысының өкілі Неймат Асадов (70,3 келіге дейін) үшінші раундта ағылшын Гарри Шоуға қарсы тұрып, қылқындыру әдісін қолданып, жеңіске жетті.

Ақмолалық Богдан Пшебельский (77,1 келіге дейін) де үшінші раундта украиналық Тимур Курбанкадиевті қылқындырумен жекпе-жекті аяқтады.

77,1 келіге дейінгі жартылай орта салмақта өнер көрсеткен қарағандылық Игорь Ахматов тәжікстандық спортшы Фаридун Шоназаровпен жекпе-жекті қолға ауырту әдісімен аяқтады.

Ақмола облысының өкілі Константин Черниченко (120,2 келіге дейін) өзбек спортшысы Ләзизбек Абдусалимовты төрешінің шешімімен жеңді.

Костантин Рахимов (120,2 келіге дейін, жастар) бірінші раундта неміс файтері Том Холлманнан техникалық нокаутпен жеңілді.

Қостанайлық спортшы Вахид Тимербиев тартысты өткен жекпе-жекте төрешілердің шешімімен украиналық Дмитрий Бабинскийден жеңіліп қалды.

Еске салайық, Қазақстан атынан 29 салмақ дәрежесі бойынша 42 спортшы қатысуда.