«Ордабасы» клубтың қаржылық жағдайы мен болашағы туралы мәлімдеме жасады

«Ордабасы» клубтың қаржылық жағдайы мен болашағы туралы мәлімдеме жасады
Prosports.kz

Футбол клубы салық берешегін өтеу процессін бастады, деп хабарлайды Prosports.kz клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ордабасы» футбол клубының қазіргі таңда ҚҚС есебіне қоймағаны үшін әкімшілік айыппұлы бар, сол себепті ұйымның шоттары бұғатталған болатын. Бүгінгі таңда футбол клубы қалыпқа келе бастады, соның негізінде барлық шектеулер, әсіресе, ұйымның шоттарына тыйым салу алынып тасталды. Осыған байланысты футбол клубы өзінің қызметін қалпына келтіріп, төлемдерді, клуб қызметкерлеріне жалақы төлеуді қайта жаңғыртты. ⠀

Қазақстан Республикасының аумағында короновирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хаттамалық тапсырмасы негізінде 1,2 млрд.теңгеден аспайтын бюджеттік қаржыландыру лимиті белгіленіп, соның нәтижесінде клубқа 2021 жылға арнап жоспарланған бюджет қысқартылды. Нәтижесінде қызметкерлерге жалақыны кешіктіріп төлеуге мәжбүр болып, футбол клубына қаржылық қиыншылықтар келтірілді. ⠀

Сондай-ақ «Ордабасы» футбол клубы Қазақстан футбол федерациясының лицензиялау (сертификаттау) департаментіне, тиісті сот құжаттарын қоса бере отырып, Премьер-Лига клубтары арасындағы ҚР Чемпионатына қатысу үшін лицензиялау (сертификаттау) рәсімінен бұдан әрі өту үшін рұқсат беру туралы өтініш жолдады.

Клуб күрделі экономикалық жағдаятты жеңілдету үшін барлық шараларды қолданады. Оңалту үдерісі «Ордабасының» футбол клубы ретінде әрекет етуін жалғастыруын қамтамасыз етуге көмектеседі. Біз осы қиын-қыстау кезеңдерде көрсеткен қолдауы үшін жанкүйерлерге алғысымызды білдіріп, осы үдеріске түсіністікпен қарауды сұраймыз. Біздің бірден-бір мақсатымыз - клубты сақтап қалып, жарқын болашақты қамтамасыз ету» – деп жазылған клубтың мәлімдемесінде.