Әлемдік футболдың шоқжұлдызы 30-ға толды: Неймар туралы қызықты деректер

Әлемдік футболдың шоқжұлдызы 30-ға толды: Неймар туралы қызықты деректер
Sportbox

Жуырда әлемдік футболдың жарқын жұлдыздарының бірі Неймар 30 жасқа толды. Неймар да Сильва Сантос Юниор (толық аты) әкесінің есімін алған. 1992 жылы 5 ақпанда Бразилияның Моги-дас-Крузес шаһарында дүниеге келген мерейтой иесі жайлы аз-маз қызықты мәлімет келтіре кетуді жөн санадық, деп жазады qazaqsporty.kz.

* Неймар – әзірге TIME журналына шыққан жалғыз бразилиялық футболшы. Оған дейін бұл журналда тек бразилиялық саясаткерлер жарияланған.

* Ол көпшілік үшін алаңдағы жылдамдығы, допты алып жүруде қос аяғын қатар қолданатынымен ерекше. Оны Пеле «үздік» деп санаса, Роналдиньо де оның футболдағы орны бөлек екенін сан рет айтқан.

* 2014 жылы Бразилиядағы әлем чемпионатының жарнамалық келбеті болған.

* Спорттық карьерасын 11 жаста Сантостың балалар командасында бастаған.

* Ал 14 жасында Испанияға барып келген соң туған жерінен қоныс аударудың шақ алдында тұрғанда, Сантос болашақ жұлдызға тиімді ұсыныс жасап, өздерінде алып қалды.

* Copa do Brasil 2010-да 11 гол соққан Неймар сол турнирдің сұрмергені атанған. Одан қалды Бразилия кубогында «Гуарани» қақпасына бес бірдей гол соқты. Сол қарқынын бәсеңдетпеген күйі 2011 жылы Сантостың Continental Double-де топ жаруына ықпал етті. Бұл клубтың 1963 жылдан бергі алғашқы жеңісі болатын.

* Бразилиялықтың өнері көп ұзамай британ командасының назарына да ілікті. Анау-мынау емес, аты дүркіреп тұрған «Вест Хэм» Неймар үшін 12 миллион фунт ұсынған. Бірақ олардың бұл ұсынысына Оңтүстік Америка клубы келіскен жоқ. Есесіне осы айтулы оқиғадан соң әлем елдері Неймарға зер сала бастады.

* Дегенмен бұл нәтижелердің өзі Неймардың 2010 жылғы әлем чемпионатына қатысуына әсер ете алған жоқ. Оны тым жас деген бас бапкер Дунганың шешімін Пеле де, Ромарио да өзгерте алмады. Ал өтініштерін плакаттарға жазып үйінің маңына жиналған жанкүйерлерді Дунга полицияның көмегімен таратып жіберді. Дунганың қателескенін Неймар біріншіліктен кейін АҚШ-пен өткен жолдастық матчта дәлелдеген болатын. Ол құрама сапында өткізген алғашқы ойында-ақ мергендігімен көзге түсті.

* Өзінің 20 жасқа толған туған күніне орай карьерасындағы жүзінші голды соқты. Небәрі бір жылдың ішінде ол қарсыластар қақпасын 43 рет дәл көздеп үлгерген.

* Ал 2012 жылы Қытаймен өткен жолдастық кездесуде хет-трикпен ерекшеленді.

* Дәл сол жылы, 2012 жылы алты хет-триктің авторы атанды (соның ішінде құрама сапында бір рет). Ал маусым барысында 54 гол соққаны әлі күнге дейін жанкүйерлердің есінде.

* 2014 жылғы әлем чемпионатында 4 рет мергендік танытқанымен, жарақат алып қалуына байланысты ширек финалдағы ойынын жалғастыра алған жоқ. Бірақ чемпионаттың сұрмергені ретінде қола бутсыға иелік етті.

* «Барселона» қатарын Неймар 2013 жылдың мамыр айында толықтырған болатын. Төрт маусымда каталон клубымен бірге ол Испания чемпионатында (2014/2015, 2015/2016), үш рет ел кубогында (2014/2015, 2015/2016, 2016/2017), бір реттен Чемпиондар лигасы (2014/2015) мен UEFA суперкубогында (2015) және Испания суперкубогында (2016) топ жарған. «Барселонада» өткізген 186 матчта бразилиялық футболшы 105 гол соқты.

* Неймар «Барселонаға» ауысқанда кезде оның әкесі 40 млн еуроға иелік етсе, ал «Сантос» небәрі 9,5 млн алды. Жұлдызды ойыншысыз өткен алғашқы матчта «Сантостың» өз қақпасына жауапсыз 8 гол жіберіп алғаны әлі күнге дейін жанкүйерлердің жадында.

* 2017 жылы аяқдоп шеберін Францияның ПСЖ клубы 222 миллион еуроға сатып алды. Бұл трансферлік рекорд орнатқан қаржы болды. Оның алдында 2016 жылы Поль Погба 120 миллион еуроға сатылғанда да жұрт шулап қоя берген.

* Жұлдызды ойыншының жеке өмірі де көпшілікке қызық. Тіпті ол 19 жасында әке атанғанда да көпшілік таң қалған. Ұлының есімі – Дави Лука.

* Неймар өзін діншіл адам деп санайды. Оның аптасына кемінде бір рет шіркеуге барып, түрлі қайырымдылық қорларына тұрақты түрде қаржы бөліп тұратыны бұған дәлел.

* Неймардың агенттік қызметіне жауапты фирма бразилиялық Роналдоға тиесілі.

* 2013 жылы футболшы телехикаяға да түскен. Бразилиялық сериалда ол камеоның рөлін сомдады.

* 2016 жылы Неймар Рио олимпиадасында рекорд орнатты. Ол аламан тарихындағы ең жылдам голдың авторы атанды. Гондурас құрамасымен өткізген ойында қарсыластың қорғаушысы Паласиостың қателігін тиімді пайдаланған ол 14-секундта гол соқты. Ал финалда Германиядан басым түскен бразилиялықтар Олимпиада ойындарының тарихында тұңғыш рет жеңімпаз атанды.