Шорт-трек шеберлері үшін Бейжің Олимпиадасы аяқталды

Шорт-трек шеберлері үшін Бейжің Олимпиадасы аяқталды

Қазақ спортшылары үшін Бейжің Олимпиадасының кезекті күні аяқталды. Бұл жолы да қоржынға жүлде түскен жоқ. Бүгін шорт-трекшілеріміз сынға түскен еді.

Бейжің олимпиадасындағы сәрсенбілік жарыс күні біздер үшін сәтті бола қойған жоқ. Әйелдер арасындағы командалық спринтте ел намысын қорғаған Надежда Степашкина мен Ксения Шалыгина мықтылардың соңынан ілесе алмады. Ал шорт-тректен 1500 метрде жарыс жолына Ольга Тихонова шыққан болатын. Алғашқы айналымда алдына жан салмаған Ольгаға венгр қызы кедергі келтіріп жерлесіміз топ бастаушылардан қалып қойды. Қайтадан қуып жетуге тырысып көріп еді,қарсыластары ұзап кетті. Жарыстан кейін Мәдіғали Қарсыбеков бастаған бапкерлер ұжымы төрешілерге шағым түсірді. Бірнеше минутқа созылған тексерістен кейін Тихоноваға кедергі келтірген  Венгрия спортшысы София Кония жарыстан шеттетілді. Алайда Ольганың өзіде канадалық спортшыға қарсы ереже бұзғаны анықталып, жарыс жолынан шығып қалды.

Ольга Тихонова, шорт-тректен ұлттық құрама мүшесі:

- Дистанцияны жақсы өттім. Алайда судья мені ережені бұзды деп шешті. Сондықтан да сайыстан шығып кеттім.

Мәдіғали Қарсыбеков, шорт-тректен ұлттық құраманың бас бапкері:

- Көктемде анықталады кім келесі Олимпиадаға баратыны. Әлем чемпионатына қатысамыз. Қазақстан чемпионатын өткізіп, көреміз, кім қалатынын. Бұрынғы результаттарына қарамаймыз. 

Осылайша Қазақстандық шорт-трек шеберлері үшін Бейжің Олимпиадасы аяқталды. Қыз-жігіттеріміз осы қарқындарын жоғалтып алмаса, төрт жылдан кейін жүлде бөлісіне араласады деген ойдамыз. 

Жандос Айтбайұлы, Дәурен Жұрхабаев