Көкшетауда көліктердің мұз үстіндегі жарысынан ел чемпионаты өтіп жатыр

«Iсе Drive» деп аталатын байрақты бәсеке алғаш рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған көкшетаулық авто-мотоспорт өкілдерінен бөлек, Талдықорған мен Петропавл қалаларының автошабандоздары жиналды. Ал жарысқа ниет білдірген Қостанай мен павлодарлық спортшылар белгілі себептерге байланысты келе алмай қалған. Осылайша чемпионат небәрі 8 қатысушымен өтіп жатыр. Ал олар 400 метр қашықтықта бірнеше кезең бойынша бақ сынасады. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталған шара Ақмола облысының туризмін дамыту үшін жасалып отыр.

Ербол Оспанов, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл жарысты көруге көкшетаулықтар мен қала қонақтары өте көп жиналды. Авто-мотоспорт біздің елде жақсы дамыған деуге болады. Өзіміздің Көкшетауда да онымен айналысатын жастар баршылық. Мұндай ауқымды іс-шара бізде пандемия басталғалы болған емес. Енді осындай байрақты бәсекелер дәстүрге айналады деп сенеміз. Себебі бұл ішкі туризмнің дамуына серпін береді.