Ресей спортшыларына санкция күшейді 

Ресей спортшыларына санкция күшейді 

Ресей спортшылары халықаралық жарыстарға қатыса алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Украинадағы жағдайға байланысты қазір көрші елдің спортына да шектеу күшейді. Мәселен, халықаралық олимпиадалық комитет Ресей мен Беларусь спортшыларын халықаралық жарыстарға шақырмауға және қатыстырмауға кеңес берді. Олар тек бейтарап спортшы не команда ретінде ғана өнер көрсете алады. Оның өзінде әр жағдайды халықаралық федерациялар арнайы қарастырып, бөлек шешім шығарады. ФИФА мн УЕФА да ресейлік командаларды халықаралық турнирлерден шеттетті. Мәселен, 24 наурыз күні әлем чемпионатына іріктеу аясында Ресей Польшамен жолығуы керек еді. Бірақ кейінгілері одан бас тартты. Кезекті қарсыластары Чехия мен Швеция құрамалары да осындай мәлімдеме жасады. Хоккейде де шетелдік командалар Ресейде ойнаудан бас тартып жатыр. Мәселен, Құрлықтық Лигада өнер көрсететін латвиялық «Динамо» мен финляндиялық «Йокерит» чемпионатан шығып, арадағы әріптестікті бұзды.

ҚАЗАҚ БАЛАСЫ ҚҰРЛЫҚТЫҚ ДОДАДА ТОП ЖАРДЫ

Францияда 14 жасқа дейінгілер арасындағы теннис турнирі өтті. Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы іріктеу сындарында Австрия және Ресей спортшыларынан басым түсті. Ал соңғы сында жергілікті теннисшіні ұтты. Осының арқасында Заңғар құрлықтық теннис турнирлері сериясындағы төртінші титулына қол жеткізді. 

ҚОРЖЫНДА ҚОС АЛТЫН 

Қоржында қос алтын. Түркияда күрес түрлерінен халықаралық турнир өтті. Дәстүрлі бәсеке жерлестеріміз үшін сәтті басталды. Алғашқы күндері грек-рим күресінің шеберлері белдесті және араларынан қазақстандық Ернар Фидахметов сурылып алға шықты. 62 келіге дейінгілер арасындағы сында жерлесіміз финалға дейін жетіп, соңғы белдесуде жергілікті палуанды ұтты. Бұдан бөлек, классиктер бір күміс пен төрт қола жеңіп алды. Ал еркін күресте екі қоламыз бар. Ауыр салмақтағы Мамед Ибрагимов және аса ауыр салмақтағы Юсуп Батырмырзаев, үшінші орын үшін күресте сәйкесінше түркиялық және ресейлік палуандарды ұтты. Әйелдер арасында Жәмиля Бақбергенова кезекті рет мықтылығын дәлелдеп, жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Талдықорғандық қыз финалда германиялық спортшыдан басым түсті. Ал жетпіс алты келіде белдескен Гүлмарал Еркебаева қола жүлдегер атанды.

ӘЛЕМДІК РЕЙТИНГ ЖАҢАРДЫ 

Данилина жиырмалыққа кірді. Әйелдер теннисі қауымдастығы үздік спортшылардың  рейтингін жариялады. Жаңартылған тізімде қазақстандық Анна Данилина көрсеткіші жақсарған. Ол жұптық сын бойынша жиырмасыншы сатыда тұр. Бұл Аннаның кәсіпқой мансабындағы ең үздік нәтижесі. Бұған қоса, жекелей  сында қазақстандық Елена Рыбакина да 20-орнын сақтап қалды. Ал Юлия Путинцева алты саты төмендеп 45-орынға табан тіреді. Тағы бір жерлестеріміз Зарина Дияс төрт саты жоғарылап, жалпы тізімнің 109-сатысына орналасты. Әлемдік рейтингтің көш басында австралиялық Эшли Барти келеді. Екінші және үшінші тұрған спортшылар орындарын ауыстырды. Атап айтқанда, чехиялық  Барбора Крейчикова бір саты жоғарылады. Ал белорусь қызы Арина Соболенко үздік үштікті түйіндеп тұр.