ӘЧ: жасөспірім ауыр атлет Надежда Ли күміс медаль ұтты

ӘЧ: жасөспірім ауыр атлет Надежда Ли күміс медаль ұтты

Қоржында тағы бір күміс. Мексиканың Леон қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр.

Жарыстың кезекті күні 64 келіге дейінгілер бәсекесі өтті. Бұл сында ел намысын Надежда Ли қорғаған. Ол жұлқа көтеруде мүмкіндіктерін сәтті орындап, 94 келі нәтижесімен екінші орынға тұрақтады. Ал серпе көтеруде 105 келіні бағындырды. Осылайша жалпы есепте 190 келімен күміс жүлдегер атанды. Бірінші орын колумбиялық Сегуро Груесоға бұйырды. Үздік үштікті венесуэлалық Сильва Фернандез түйіндеді. Айта кетейік, Қазақстан өкілдері осымен 5-рет жеңімпаздар қатарынан табылып отыр. Осының алдында Едіге Емберді мен Ерасыл Сәулебеков қарсылас шақ келтірмей, әлем чемпионы атанған. Ал Ерасыл Омаров пен Александра Беленко қола жүлдеге қол созды. Алдағы уақытта медаль саны тағы да артуы мүмкін. Мексикадағы дүниежүзілік дода 19 маусымға дейін жалғасады.

Джакартада көгалдағы хоккейден Азия ойындарына іріктеу аяқталды

Жалпы есепте екіншіміз. Индонезия астанасы Джакарта қаласында көгалдағы хоккейден Азия ойындарына іріктеу аяқталды. Оның аясында Қазақстан құрамасы 6 кездесу өткізіп, оның 5-еуінде басым түсті. Атап айтқанда. Индонезияны 1:0, Өзбекстанды 2:0, Камбоджаны 4:0, ал Шри-Ланканы 5:1 есебімен ұтты. Жарыстың соңғы күні Сингапур құрамасын жеңді. Тек Гонконг спортшыларына ғана есе жіберді. Қорытынды есеп: 4:0. Нәтижесінде дәл осы Гонконг құрамасы бірінші сатыға жайғасты. Қазақстан екінші, Сингапур үшінші орында. Айта кетейік, еліміздің әйелдер құрамасы Азия ойындарының финалдық сатысына төрт мәрте қатысты. 1998 және 2014 жылдарда 6-орын алса, 2010 жылы – 7, ал, 2018 жылы 10-сатыға тұрақтады.