Елена Рыбакина қазақ спортына жаңа леп әкелді

Теннис әлемдегі элиталық спорт саналады. Сондықтан жұмыр жердің жампоздары корттағы сайыстарға көз тігеді. Қарапайым жұрт назары да ракетка ұстаған қыз-жігіттерге ауады. Әсіресе бір жарым ғасырлық тарихы бар Уимблдон турнирінде топ жару – кез келген теннисшінің арманы. Көк шөпте көсіліп ойнайтын жүйріктер қатарына жерлесіміз Елена Рыбакина да қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

23 жастағы ойыншы тұңғыш рет Уимблдонның финалына шығып, қазақ спортына жаңа леп әкелді. Рыбакинаның шешуші сындағы қарсыласы Онс Жабер де осал емес. Тунис қызы да Үлкен шлем турнирінің финалына тұңғыш рет шығып отыр. Алайда әлемнің екінші ракеткасы деген атағы бар. Сондықтан бас жүлде жолындағы сайыс тартысқа толы болды. Алғашқы партияда 6:3 есебімен Жабер басым түсті. Рыбакина сын сағатта салқынқандылық танытып, өз ойын өрнегін тез тапты. Екінші сетта қазақстандық теннисшінің ойыны жүрді. Елена күшті соққыларымен қарсыласын тықсырып, қарымта қайтарды. Есеп:6:2. Шешуші партияда да жерлесіміз іркіліп қалмады. Сабырлы қалпынан таймаған Рыбакина матчқа әдемі нүкте қойды. Қортынды есеп:6:2. Жеңімпазға бас жүлдені Кембридж Герцогинясы Кейт Миддлтон табыстады.

Кортта темірдей жүйкесімен жұртты тәнті еткен Рыбакина жарыстан кейін көз жасына ерік берді. Қошемет пен құттықтаудан көңілі босаған қыз қобалжығанын да жасырмады. 

Елена Рыбакина, Уимблдон турнирінің жеңімпазы:

– Сіздер мені сыртымнан көріп, бағаладыңыздар. Міне, енді ғана көңіл-күйге ерік беріп жатырмын. Эмоциямды ұзақ уақыт байқатпауға тырыстым.

Еленаның қарапайымдылығын финалдағы қарсыласы Онс Жабер де атап өтті.

Онс Жабер, теннисші:

– Еленамен ойнаған ұнайды. Себебі жеңіліп қалсаң да ләззат аласың. Өйткені ол жеңіске жетсе де асып-таспайды. Маған да оның осы әдетін үйрену керек секілді. Жеңісті жақсылап тойлауды меңгеру қажет.    

Елена Рыбакина әлемдік теннис тарихына өз атын жазып қоймай, қомақты қаржыға да ие болады. Биыл «Уимблдонда» жеңіске жеткен спортшы 2 млн фунт-стерлинг алады. Яғни Қазақстандық теннисшінің қазынасына бір миллиард теңгеден астам ақша түседі. 23 жастағы теннисшіге қазір қалай тойласа да жарасады.