«Барысқа» үш легионер қосылды

«Барысқа» үш легионер қосылды

«Барыс» хоккей клубына 3 легионер қосылды. Елордалық «Барыс» мұхиттың арғы жағындағы хоккейшілермен толығып жатыр.

Мәселен, күні кеше қазақстандық клуб канадалық Джесси Грэммен келісім-шарт жасасқанын хабарлады. Шартқа сәйкес, Джесси «Барыста» бір маусым, яғни 2023 жылдың мамырына дейін өнер көрсетеді. Дәл осындай талаппен америкалық Джереми Бракко да қазақстандық клуб қатарына қосылды. Ол өткен маусымда германиялық «Крефельд Пингвин» клубында ойнап, 54 матчта 54 ұпай жинаған болатын. Сонымен қатар «Барыс» Ресейде туылып, Канадада шеберлік шыңдаған Кирилл Максимовты да бір маусымға жалға алды. Бұған қоса елордалық клуб канадалық легионер Линден Веймен келісімді ұзартып, оған тағы бір маусым ойнауға мүмкіндік бергені белгілі болды. Бірақ «Барыс» таратқан ақпаратта келімсектердің айлығына қатысты ештеңе айтылмаған.

Еске сала кетейік, жуырда ғана клубтағы легионерлер ондаған миллион теңге жалақы алатыны туралы деректер шығып, қоғамда қызу талқыланды, тіпті көпшіліктің ашуын да туғызды.