Семейде «Елім-ай» футбол клубы қайта құрылады

Кезінде Қазақстанның үш дүркін чемпионы болған семейлік «Елім-ай» футбол клубы қайта құрылатын болды. Бұл туралы клуб қоғамдық қорының тұсаукесер рәсімінде айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қорға кез келген адам мүше болып тіркеліп, қолдау көрсете алады. «Open air» форматында ұйымдастырылған шарада команданың эмблемасы мен формасы таныстырылды. Клуб құрамы әзірге белгісіз. «Елім-ай» футбол клубы құрылтайшыларының айтуынша, бас бапкер, жаттықтырушылар мен ойыншылар клубтың штаты құрылған соң белгілі болады. Ең әуелі команда Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстанның кәсіби футбол лигасында тіркелуі тиіс.

Самат Смақов, «Елім-ай» футбол клубының құрылтайшысы:

– Футбол клубы жарысқа тек келесі жылы қатысуы мүмкін. Чемпионат сәуірде басталады. Сондықтан жыл соңына дейін клубтың штатын құруымыз керек. Содан кейін бас бапкерге үміткерлерді анықтау қажет. Ең бастысы, ойыншыларды іріктеу. Бұл ретте жергілікті футболшыларға басымдық беріледі. Легионерлер де шақыртылуы мүмкін.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Семей футболдың отаны. Мұхтар Әуезов 1913 жылы «Ярыш» деген командада ойнаған.16 футбол клубы болады. Облыс әкімдігі тарапынан көмек болады. Демеушілер де табылады деп ойлаймыз.