Су добынан 16 жасқа дейінгі спортшыларымыз Грекияда жеңіліп қалды

Су добынан 16 жасқа дейінгі спортшыларымыз Грекияда жеңіліп қалды

Қазақстан есе жіберді. Дәл қазір Грекияда су добынан 16 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Байрақты бәсекеге 25 команда қатысуға мүмкіндік алды. Оның арасында жерлестеріміз де бар. Ұлттық құрама ең алдымен Мальта спортшыларымен жолығып, 3:13 есебмен жеңіліп қалды. Енді топтық кезең аясында АҚШ құрамасымен кездеседі. жалпы әр топта 3 командадан ғана. Кейінгісі, яғни, АҚШ құрамасы  Мальтадан 10:15 есебімен ұтылған болатын. Сәйкесінше Қазақстан мен АҚШ ұлдары енді топтық кезеңнен шығатын екінші жолдаманы сарапқа салады. Жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік дода 27-ші тамызға дейін жалғасады. 

Теннистен рейтингілік турнир 

Алғашқы айналымнан аса алмады. Қазақстандық Юлия Путинцева бұл жолы АҚШ-тағы рейтингілік турнирде бағын сынады. Әйелдер арасындағы дода Кливленд қаласында өтіп жатыр. Жерлесіміз алғашқы айналымда польшалық Магда Линеттпен жолықты.Негізі Юлия  әлемдік рейтингте 39-шы, ал, Магда 67-ші тұр. Бірақ, соған қарамастан кездесу польшалық теннисшілнің басымдығымен өтті. Қортынды есеп 4:6, 2:6. Ал матчтың өзі 1 сағат 17 минутқа созылды. Айта кетейік, әйелдер теннисі қауымдастығы күні кеше жаңартылған  әлемдік рейтингті жариялады. Оған сәйкес Юлия бір саты төмендеді. Бұл қазақстандық теннисшілер арасындағы екінші көрсеткіш. Үздік Нәтиже Елена Рыбакинаға тиесілі. Ол қазір 25-ші орында тұр.

«Барыс» өз хоккейшілерімізбен толықты 

Эмиль Нұрғалиев «Барыс» сапына қосылды. Елордалық клуб отандық хоккейшілерге басымдық бере бастады. Мәселен, күні кеше 26 жастағы Эмиль Нұрғалиевпен келісім жасады. Ол бір маусымға есептелген. Эмиль «Барыстың» қорғаныс шебінде ойнайды. Бұған дейін ол «Теміртау» және «Сарыарқа»  командаларында өнер көрсетті. Сонымен қатар «Барыс» легиорнер қақпашыны да тартпайды. Бұл жөнінде бас бапкер Андрей Скабелка мәлімдеді. Оның айтуынша, командада қазір қазақстандық Никита Бояркин мен Андрей Шутов бар. Солардың көмегімен маусымды бастаймыз. Құрлықтық Лига ұзаққа созылады. Түрлі жарақат алуы мүмкін. Бірақ әзірге өзіміздің жігіттер қойылған тапсырманы орындай алады деді Скабелка. Айта кетейік, осыдан бірер ай бұрын «Барыста» легионерлердің көптігі және олардың жоғары жалақылары қоғамда қызу талқыланып, көпшіліктің наразылығын туғызған болатын. Елордалық клуб құрлықтық лига аясындағы алғашқы матчын 3 қыркүйекте сырт алаңда Минск қаласының «Динамосына» қарсы өткізеді.