Стенд атудан Қазақстан кубогі өтуде

Сұрмергендер сайысы. Елордада стенд атудан Қазақстан кубогінің үшінші кезеңі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кету керек, байрақты бәсеке 4 кезеңнен тұрады. Бұл жолы еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден аса спортшы жиналды. Олардың арасында құрлықтық және әлемдік додаларда топ жарып жүрген жерлестеріміз де бар. Жарысқа қатысушылар стенд атудың скит және спортинг түрлері бойынша өзара мықтыны анықтайды. Жарыстың жалпы қорытындысы 29 тамызда белгілі болады. Кейін ел үздіктері қараша айында тағы да бас қосып, қазақстан кубогының шешуші, яғни,төртінші кезеңінде бағын сынайды. Осы жарыстар қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталып, Хорватияда өтетін лицензиялық әлем чемпионатына қатысаты. Елордадағы ату алаңында Қазақстан кубогімен паралель Нұр-Сұлтан қаласының ашық чемпионаты да ұйымдастырылып жатыр.

Олег Почивалов, Қазақстан спорттық ату федерациясының бас хатшысы:

– Бір қуанырлығы – елордадағы ату алаңы қайта жанданып, айтулы аламандарды қабылдай бастады. Өйткені ЭКСПО көрмесінен кейін 4 жылдай тұралап қалып еді. Қазір бұндағы жағдай жақсы. Спортшыларға өте қолайлы. Біз осы бәсекелер нәтижесінде ел үздіктерін іріктеп, бірлескен жаттығу жиындарын өткіземіз. Одан кейін дәл осы спортшылар халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды.