Ұлыбританияда Дэвис Кубогі өз мәресіне жетті

Топтық кезең аясында Қазақстан құрамасы үш командамен кездесіп, үшеуінен де жеңілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ спорт мамандары жігіттердің өнеріне жоғары баға беріп жатыр.

Аслан Қаженов, тілші:

- Шотландия, Глазго, Эмирейтс Арена. Міне, он күндей болды мен осы жерден ақпарат таратып жүрмін. Өйткені мұнда үлкен спорттық мереке – теннис мерекесі болды және оның аясына Қазақстан Ұлыбританиямен кезедесті. Қазір мұнда ағылып жатқан адамдар – алаң иелерін қолдайтын жергілікті тұрғындар. Сәйкесінше сегіз мың орындық арена көрермендерге лық толы болады деген сөз. Оны мына дәлізден де байқауға болады.

Ал егер ойынның өзіне келер болсақ, қазақстандық Дмитрий Попко Ұлыбритания сапындағы Энди Мэрримен кезедесіп, Эндиді теннис жанкүйерлері жақсы біледі, соған айқын басымдықпен есе жіберді. Оны өзі былай түсіндірді.

Дмитрий Попко, теннистен ұлттық құрама мүшесі:

- Ойын мен үшін сәтті басталған еді. Ә дегеннен 3:1 есебімен алға шықтым. Бірақ кейін қарсылас қарқынын күшейтіп, ұпай көрсеткішін еселеді. Энди – өте тәжірибелі ойыншы. Соның арқасында түрлі әдістерді қолданып, біраз тығырыққа тіреді. Оның мықтылығын мойындау қажет. Бұл матч мен үшін үлкен сабақ болды. Алдағы уақытта қарсыласымның атақ-даңқына қарамастан барынша салмақты және салқынқанды ойнауға тырысамын.

Сонымен, қос команда арасындағы мачтар сериясы аяқталды. Дмиртий Попкодан кейін кордқа Александр Бублик шықты. Ол жекелей сында қарсыласын ұтты. Ал жұптық сында Александр недовесовпен бірге есе жіберді. Бірақ  Бубликтің еңбегін ерекше атап өту керек. Ол әр ойын сайын екі мачтан өткізді. Ол өзіндік рекорд саналады.

Юрий Щукин, теннистен ұлттық құрама капитаны:

- Бүгін жеңілдік. Бірақ жігіттерге еш өкпем жоқ. Олардың ойынына 5 деген баға қояр едім. Өйткені қай-қайсы да табандылық танытып, соңына дейін ойнады. Тіпті жұптық сында үш бірдей тай-брейк болды. Ондай өте сирек кездеседі. Бублик те, Недовесов та жарады. Ал қарсыластарымыз – әлемдік рейтингтің көшін бастап тұрған спортшылар. Соған қарамастан әбден лайықты ойын өрнегін көрсете білдік. Енді матчтарды қайталап қарап, қателіктермен жұмыс істейміз. Шеберлікті одан сайын шыңдай түсеміз.

Аслан Қаженов, тілші:

- Егер статистикаға терең үңілетін болсақ, бір қызықты жайтты байқауға болады. Жалпы Қазақстан мен Шотландия арасындағы спорттық сайыстарда біздің тарап үнемі есе жібереді. Мысалы, дәл осы аренада теннисшілеріміз жеңілді. Ал оның жанында тұрған Селтик Аренада «Астана» және «Шахтер» сияқты командаларымыз ұтылған болатын. Бірақ олқылықтың орнын толтырар мүмкіндік бар. Бір айдан кейін Қазақстан құрамасы дәл осы жерде өтетін Билли Джинг Кинг Кубогіне қатысады. Бұл Дэвис Кубогінің әйелдер арасындағы форматы және осы бәсекеде қыздарымыз топ жарады деген ойдамыз. Өйткені Елена Рыбакина бастаған ұлттық құрама қыздарының рейтингісі қазір салыстырмалы түрде жоғары.

Авторлары: Аслан Қаженов, Жанос Қайролла