Дзюдодан әлем чемпионатында елімізге жеңістен үміт күттіретін балуандар бар

Өзбекстанда дзюдодан әлем біріншілігі жалғасып жатыр. Жарыстың үшінші күнінде ұлттық құрама жүлдеге іліге алмады. Дегенмен, алда командалық сын бар. Елдос пен Әбибаның жетістігін өзге салмақтағы балуандар қайталауы мүмкін.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Ташкентте өтіп жатқан байрақты бәсекеде спортшыларымыз ерекше қолдауға ие. Мұнда құраманың тұрақты жанкүйерлерімен қоса жергілікті қандастар да зор демеу болып жатыр. Осының барлығы әсер еткен болар жарыстың алғашқы күнінде дзюдошы қыз-жігіттеріміз екі бірдей жүлдені қоржынға салды.

Берісі бостандық, әрісі Қостанай. Әлем біріншілігін тамашалауға келген қазақ жанкүйерлерінің санында шек жоқ. Үздіксіз қолдау көрсетіп, спортшыларды жігерлендіріп жатыр. Сырт елде өтетін жаһандық жарыстарда мұндайды көру сирек жағдай. 

Тимур Жарылқасынов, жанкүйер:

- Қазақстаннан арнайы 3 мың шақырым жерден арнайы келіп тұрмыз. Қостанайдан. Біздің қазақ бауырларымызға қолдау көрсету үшін. Бір жағынан Ташкентті де аралау үшін. 

Бекзат Құдайберген, жанкүйер:

- Ташкенттегі әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біздің спортшыларымыз да екі қола медальмен қуантты. Соларды қолдап, жанкүйер болдық.

Қазірдің өзінде бұл әлем біріншілігі қазақ дзюдосы үшін тарихқа енді. Мұндағы бозкілемде белдескен Әбиба Әбужақынова - жүлде еншілеген алғашқы қаракөз. Бұған дейін бірде-бір қазақ қызы дүниежүзілік додада биік тұғырға көтерілмеген еді.

Әбиба Әбужақынова, әлем чемпионатының қола жүлдегері:

- Барлық қарсыласым қиын болды. Қолаға таласқанда чилилік спортшы ыңғайсыз болды. Мен де, ол да солақай. Ескерту бойынша жеңдім. Себебі лақтыруға әдіс қолдануыма ыңғайсыз болды.

 «Ұлттық құрама мүшелерінің деңгейі едәуір көтерілген», - дейді спорт сарапшылары. Бұған жарыс алдындағы дайындықпен қоса, франциялық мамандардың кеңесші ретінде шақырылуы әсер еткен.

Асхат Житкеев, Қазақстан дзюдо федерациясының басшысы:

- Бірінші күн елімізге сәтті болды. Елдос пен Әбиба жақсы күресті. Басқа балалалар да жақсы нәтижеге жетеді деп ойлаймын. Біздің балалар жақсы дайындалды. Өзіміздің бапкерлер және екі француз тренері бар.

Жарыс қазанның 13-іне дейін жалғасады. Спортшыларымыз барлық салмақта өнер көрсетеді. Командалық сынға да әзірлік қызу. 

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатуляганов