Атырауда дзюдодан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтті

Жарыстың соңғы күні 5 салмақтағы жеңімпаздардың есімі белгілі болды.

Атап айтқанда, әйелдер арасындағы 78 келіге дейінгілер сынында ақтөбелік Аруна Жангельдина топ жарды. Ал 78 келіден жоғарғылар арасында алматылық Ақерке Рамазанова қарсылас шақ келтірмеді. Әсіресе финалда әлемдік гранл сламда жүлдеге іліккен Камила Берліқашты ұтты. Ерлер арасындағы 90 келі салмақ дәрежесінде түркістандық қос спортшы бас жүлдені сарапқа салды. Нәтижесінде Дидар Хамза алтын, ал Айдар Арапов күміс жүлдегер атанды. Ауыр салмақта жетісулық Бекарыс Сәдуақас, ал аса ауыр салмақта Абай облысының намысын қорғаған Әділ Оразбаев барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.

Сонымен үш күнге созылған жекелей сындардың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте ақтөбелік спортшылар тізімнің бірінші сатысына жайғасты. Үздік үштікті Атырау мен Алматы өкілдері түйіндеді. Енді бүгін еліміздің барлық аймағынан жиналған дзюдошылар командалық жарыста бақтарын сынайды.