Қазақстан күрес федерациясы жылды қорытындылады

Барыс жылында біраз биікті бағындырды. Қазақстан күрес федерациясы жылды қорытындылады.

Атап айтқанда, күрестің үш түрі бойынша жастар мен жасөспірімдер және ұлттық құрамамыз әртүрлі жарыстарда 112 медаль жеңіп алған. Өткен жылмен салыстырсақ, алға жылжу байқалады. Бірақ әлі де көңіл толмайтын тұстар көп. Өйткені қазақ балуандарына олимп шыңын бағындырмағалы 40 жылдан асса, әлем чемпионатында топ жармағалы 24 жыл болыпты. «Бұл біздің күресімізге ғана емес, жалпы спортымызға үлкен сын. Сондықтан алдағы қоян жылы қоян-қолтық жұмыс жасап, әлем және Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеп шығаруымыз керек», - деді федерация президенті Дәулет Тұрлыханов. Еліміздің әр аймағынан келген жаттықтырушылар мен федерация мамандары және ұлттық құрама бапкерлері өз жұмыстарына есеп беріп, басшылыққа ұсыныстарын да жеткізді. Егер алдағы уақытта барлық жағдай жасалса, біз байрақты бәсекелерде топ жару үшін тынбай еңбек етеміз деп уәде берді.

Дәулет Тұрлыханов, ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті:

- Тиімді жағдай деген не? Оқу-жаттығу жұмыстары дұрыс болу керек. Өз уақытында болуы тиіс. Үстіне киетін киімі бүтін болуы шарт. Ішетін тамағы тоқ болу керек. Бала-шағасы үшін қам жемеу керек. Өйткені қыздар арасында үйленгендері бар, тұрмыс құрғандары да бар. Жаттықтырушылардың да бала-шағалары бар. 8-9 ай үйде болмайды. Сондықтан осындай проблемаларды қарадық.