Динара Сәдуақасова Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Қазақстандық гроссмейстер бас жүлдеге бір табан жақын тұрған. Бірақ қытай қызы Тан Жонгуймен болған қосымша кездесуде қарсыласына есе жіберіп қойды.

Дегенмен Динара үшін бұл үлкен жетістік деп айтсақ болады. Өйткені алғашқы төрт турда қарсыластарымен тең түскен жерлесімізді жүлде алады деп ешкім ойлаған жоқ еді. Қалған сегіз турда сауатты ойнаған Сәдуақасова әлемдік рейтингтің көшін бастап тұрған кіл мықтыларды артқа тастап, күмістен алқа тақты. Ал Жансая Әбдімәлік 5-ші сатыдан көрінді. Жансая енді блицте барын салады. Ерлер арасында Магнус Карлсен мықты екенін тағы бір мәрте мойындатты. Алғашқы турдан кейін-ақ көш бастаған Норвегиялық шахматшы жарыс соңына дейін алдына жан салмады. Күміс жүлде неміс Кеймер Винсентке бұйырса, қоланы Америкалық Фабиано Каруана қанағат тұтты.