Түркістан облысының үздік байдаркашылары марапатталды

Түркістан облысының үздік байдаркашылары марапатталды.

Ескек есу және желкенді жүзу қауымдастығы жылды қорытындылап, бабы келіскен спортшыларға құрмет көрсетті. Биыл жарыс жолына түскен дарабоздар ішкі және халықаралық турнирлерде топ жарып, ел қоржыны түрлі жүлделі орындармен толықты. Ал келесі жылдан үміт көп. Өйткені орта Азияда теңдесі жоқ ескек есу каналы пайдалануға беріледі. Аймақтағы әріптесім толықтырады.

Түркістан облысының спорт майталмандары ескек есушілерімен мақтанады. Өйткені дәл осы спорт түрінен ел қоржынын қампайтып жүрген де осылар. Соңғы Қазақстан чемпионатының өзінде өңір спортшылары 40 медаль жеңіп, командалып есепте бірінші орынға шықты. Жерлестері жеңімпаздарын құрметке бөлеп, мерейін асырды. 

Болат Төребеков, ескек есуден Азия чемпионатының жүлдегері:

- Бүгін мен «Жыл серпілісі» аталымы бойынша үздіктердің қатарына іліктім. Мен үшін мұндай сый-құрмет үлкен мәртебе. Бұл марапатқа Азия чемпионатындағы төрт бірдей күміс медалімнің септігі тиді деп ойлаймын.

Ескек есу каналындағы құрылыс

Сала мамандары ұдайы өткізілетін оқу-жаттығу жиындары спортшыларды жеңіске жетелейтінін айтады. Бірақ бұған дейін мұндай шаралар Қырғызстан елінде өткізіліп келді. Енді келесі жылдан бастап көрші елге сабылудың қажеті жоқ. Өйткені Түркістан қаласында барлық халықаралық стандартқа сай келетін ескек есу каналы ашылады. 

Денис Жарменов, ескек есу және желкенді спорт қауымдастығының төрағасы:

- Бұл жоба болашақта Азия кубоктары, Азия чемпионаттары сияқты ірі халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз әлем чемпионатын өткізу мәселесін пысықтайтын боламыз. Бұл ескек есу каналы әлемдегі бірегей кешен болмақ. Өйткені оның суы тазартылып тұрады.

Каналдың жалпы ұзындығы 2 шақырымды қамтиды. Бұл барлық олимпиадалық қашықтық бойынша сайыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Сала мамандары нысан пайдалануға берілсе Түркістанға ел спортшылары ғана емес, шетелдік ескекшілердің де аңсары ауатынын айтады. 

Денис Жарменов, ескек есу және желкенді спорт қауымдастығының төрағасы:

- Болашақта біздің спортшыларымыз Олимпиада ойындары сияқты ірі халықаралық жарыстарда бәсекеге қабілетті болады деп үміттенеміз. Өйткені бүкіл әлем көз тігетін спорттық шарада жүлдеге ілігу өте маңызды. Біз ол үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға аянып жатқан жоқпыз.

Түркістан каналының үлгісі Еуропа мен Жапония елдеріндегі ірі кешен құрылысынан алынған. Жоба жетекшілері қос нысанның барлық артықшылықтары ескерілгенін айтады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Рауль Ғабитов, Ерболат Әбіш