Ж.Әлімханұлы рейтингте Г.Головкинге жақындады

Ж.Әлімханұлы рейтингте Г.Головкинге жақындады

The Ring журналының ресми сайты орта салмақтағы екі қазақстандық боксшы енген рейтингтің жаңа нұсқасын жариялады.

WBA Super, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин бұрынғыша көш бастап тұр. WBO белдігінің иегері Жәнібек Әлімханұлы бесінші орыннан төртінші орынға жоғарылады. Бұрын үшінші сатыда тұрған Деметриус Андраде екінші орта дивизионға өтуіне байланысты рейтингтен шығарылды. Екінші орынға америкалық Джермалл Чарло, үшінші орынға мексикалық Хайме Мунгия және бесінші орынға британиялық Крис Юбенк жайғасты. Жапониялық Риота Мурата жетінші және украиналық Сергей Деревянченко сегізінші сатыда.

«Барыс» хоккейшілері «Адмиралдан» жеңілді

Құрлықтық хоккей лигасында астаналық "Барыс" екінші ойында бірде-бір гол соға алмай, "Адмиралдан" ірі есеппен жеңілді. Владивостокта өткен матч,,, айдын қожайындарының пайдасына 3-0 есебімен аяқталды. Еске сала кеткен жөн, бірінші ойында елордалық клуб қарсыласын 5-1 есебімен жеңген еді. Ресейлік команда сол кеткен есені қайтаруға тырысты. Ойынның 5-ші минутында "Адмирал" хоккейшісі Павел Шен есеп ашты. Бұдан кейін екі команданың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болған еді. Дегенмен таблодағы есеп көпке дейін өзгермеді. Екінші кезеңде қос команда да бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Ойынның 36-шы минутында ресейлік командадан Либор Шулак есепті еселеді. Ал 38-ші минутта Дмитрий Сидляров басымдықты арттырып, матч нүктесін қойды. Енді "Барыс" алдағы ойынын 12-ші қаңтарда Астанада мәскеулік ЦСКА командасына қарсы өткізеді.

Гарет Бэйл кәсіби мансабын аяқтады

Футболдан Уэльс құрамасының шабуылшысы Гарет Бэйл кәсіби мансабын аяқтады. "Ұзақ ойланғаннан кейін мен клубтың және халықаралық деңгейде мансабымды аяқтағанымды хабарлаймын. Менің өзім армандаған спортпен айналысуыма барлық мүмкіндік жасалды. Енді мен өмірімнің жаңа беттерін ашуға қадам жасаймын. Жаңа оқиғаларға өзгерістер мен мүмкіндіктер уақыты келді", - деп жазды Гарет Бэйл. 33 жастағы ойыншы былтыр 22 маусымнан бастап АҚШ-тың "Лос-Анджелес" командасында ойын көрсетті. Одан бұрын 2006 жылдан бастап Англияның "Саутгемптон", "Тоттенхэм Хотспур" және Испанияның "Реал Мадрид" клубтарының намысын қорғады. Испаниялық клуб сапында ол 5 мәрте UEFA Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанды. 2006-2022 жылдарда Уэльс құрамасы сапында 111 кездесуде 41 гол соқты. Еске сала кеткен жөн, 2022 жылғы әлем чемпионаты іріктеу сатысында Уэльс құрамасы В тобында соңғы орынды місе тұтты.

Анна Данилина жұптық сында алғаш рет әлемдегі үздік ондыққа кірді

Қазақстандық теннисші Анна Данилина жұптық сында алғаш рет әлемдегі үздік ондыққа кірді. Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, Данилина жаңартылған әлемдік рейтингіде 11-ден 10-сатыға көтерілді. Бұл оның жеке рекорды.

Анна үндістандық Саня Мирзамен бірге Аделаида-2 WTA 500 турнирінің алғашқы айналымында жарыстың бірінші ракеткалары чехиялық Барбора Крейчикова мен аустралиялық Сторм Сандерспен кездесті. Тартысты матчта бірінші кезеңде қазақстандық-үндістандық жұп 6:3 есебімен басымдық танытты. Екінші сетте қарсыластары дәл сондай есеппен есе қайырды. Супер тай-брейкте Б.Крейчикова мен С.Сандерс жеңісті жұлып алды – 10:6. Енді Данилина Мирзамен бірге Аустралия ашық чемпионатында өнер көрсетеді.