«Арсенал» премьер-лигада топ бастап келеді

«Арсенал» премьер-лигада топ бастап келеді

Ағылшын премьер-лигасында "Арсеналдың" шоқтығы биік. Лондондық клуб басты қарсыластарынан басым түсіп, чемпиондыққа сенімді қадам жасады.

21-ші турдың орталық кездесуінде "Манчестер Юнайтедті" қабылдаған Микел Артета шәкірттері 3:2 есебімен жеңіске жетті. 17-ші минутта Маркус Рэшворд есеп ашып, қонақтардың мерейін үстем еткен еді. Алайда олардың қуанышы ұзаққа созылмады. 24-ші минутта Эдди Нкетиа таразы басын теңестіріп, матчты қыздыра түсті.

Үзілістен кейін алаң иелері алға ұмтылды. Букайо Сака оң қапталдан шабуылға араласып, күш соққысымен қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. Араға алты минут салып, "Манчестер Юнайтед" футболшылары қарымта қайтарды. Аргентина сапында әлем чемпионы атанған Лисандро Мартинес белсеніп, "Арсенал" қақпасынан саңлау тапты. 90-шы минутта алаң иелері нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, маңызды жеңіске қол жеткізді. Эдди Нкетиа қақпа маңындағы қарбаласты ұтымды пайдаланып, командасына үш ұпайды сыйға тартты. "Арсенал" осы ойыннан кейін турнир кестесінде 50 ұпаймен жеке-дара топ бастады.
"Манчестер Юнайтед" 39 ұпаймен төртінші орында қалды.