Ақтөбе облысында шаңғы тебу үйірмесі ашылады

Ақтөбе облысында шаңғы тебу үйірмесі ашылады

Ақтөбе облысында балалар мен жасөспірімдер арасында шаңғы мен коньки тебуге қызығушылық жоғары. Қазір өңірде 6 мыңнан астам адам спорттың бұл түрлерімен тұрақты түрде шұғылданады.

Өзен бетіндегі күртік қарды аршып, мұз айдыны әзірленген. Шаңғышылар жолы да қолда бар техниканың күшімен тазартылыпты. Бұл Алға ауданы тұрғындары арасындағы спорттың қысқы түрінен өтіп жатқан спартакиада. Екі жыл бұрын дене шынықтыру пәнінде конькимен сырғанап үйренген Мирлан Төкешев те әуесқойлар арасында бағын сынап көрмекші.  

Өзен бетіндегі күртік қарды аршып, мұз айдыны әзірленген. Шаңғышылар жолы да қолда бар техниканың күшімен тазартылыпты. Бұл Алға ауданы тұрғындары арасындағы спорттың қысқы түрінен өтіп жатқан спартакиада. Екі жыл бұрын дене шынықтыру пәнінде конькимен сырғанап үйренген Мирлан Төкешев те әуесқойлар арасында бағын сынап көрмекші.

Мирлан Төкешев, жарысқа қатысушы:

- Мұндай жарысқа бірінші рет қатысып отырмын. Қобалжып тұрмын. Бірақ құрдастарымның арасында бірінші орын алуға тырысамын. 

Алға ауданы Тамды ауылының тұрғындары үшін қысқы спорт түрлері таңсық емес. Бұған дейін елдімекенде шаңғы базасы да болыпты. Алайда қазір мамандандырылған үйірме де жоқ. Дәстүрге сай елдің ересектері ғана өскелең ұрпақты баулып келеді. Ал жеткіншектер жергілікті орта мектепке тиесілі шаңғы-конькилерді қолдануға мәжбүр. Өзге ауылдарда да жағдай осы. Соған қарамастан аудан біріншілігі кестеге сай ұйымдастырлған.

Талғат Сұлтанов, Алға аудандық Дене шынықтыру және спорт, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- 12 команда қатысып жатыр. Жастары 15-тен бастап  60-қа дейінгі ағаларымыз, апаларымыз да бар. Жылда өтетін дәстүрлі өзіміздің Қысқы спартакиадамыз.

Ақпан айында Қазақстан чемпионаты өтетін Ақтөбедегі шаңғы-роллер трассасы 2020-жылы ғана қолданысқа берілген. Оған дейін қысқы спорт түрлерімен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдер маусымға сай жаттығуға мәжбүр боп келді. Кәсіби орталықтың ашылуы жас спортшылардың қызығушылығын арттырған. Қазір бұл мектепте 300-ден астам бала жаттығады. Арасында елеулі жетістікке қол жеткізгендері де бар.

Артур Балқатов, шаңғы жарысынан облыстың аға бапкері:

- Бексұлтан Ернұр 2002 жылғы. Қазір Канада мемлекетінде жастар арасында чемпионатқа қатысып жатыр. Бұйырса ертең 20 км қашықтыққа жүгіреді. Екінші шәкіртім бар тағы да жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Демеужан Батыржан. Ол да республикалық деңгейде жақсы нәтижелер көрсетіп, халықаралық турнирлерде орын алып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. 

Шаңғы жарысынан бөлек өңірде хоккей мен мәнерлеп сырғанау, биатлон және шорт-трек үйірмелері жұмыс істейді. Тұрғындар тарапынан тиісті кешендер мен спорттық нысандарға сұраныстың артқаны байқалады. Бір жыл ішінде бос уақытын шаңғы теуіп, конькимен сырғанауға арнайтындар саны 7 мыңға таяған. 

Евгений Гончаров, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Ауданда үйірме ашу үшін біз бірінші кезекте бапкерге тәуелдіміз. Білікті маманды шағын елді мекендерде ұстап отыру оңай емес. Баспана мен өзге де тұрмыстық мәселелер бар. Егер жергілікті тұрғындар арасында кәсіби білім алған спортшы болса қажетті құрал-жабдықтар алдырып, тиісті жағдай жасалады.

Ондай маман Шалқардан табылып отыр. Биыл шалғайдағы аудан орталығына шаңғы жеткізіп, үйірме ашу көзделген. Бұдан бөлек Риддер қаласындағы дарынды балаларға арнаған мектеп-интернатында 21 ақтөбелік спортшы білім алып жүр. Болашақта қысқы спорт түрлерін дамытуға үлес қосуы тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков