Жеңіл атлеттеріміз Азия чемпионатынан 12 медаль алды

Жеңіл атлеттеріміз Азия чемпионатынан 12 медаль алды

Қоржынымызда 12 медаль. Оның 6-ауы алтын. Астанада жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты аяқталды.

Жарыстың соңғы күні сырықпен секіру, биіктікке секіру және жүгіру түрлері бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Әсіресе,  биіктікке секіру бәсекесінде қазақстандық қыздар ең үздік нәтиже тіркеп, үшеуі бірдей жеңіс тұғырына көтерілді. Яғни Надежда Дубовицкая алтын, ал Кристина Овчинникова мен Елизавета Матвеева, сәйкесінше күміс және қола жүлдегер атанды. Бұған қоса, жүгіруден ерлер арасындағы 400 метрлік эстафетада ел намысын қорғаған Андрей Соколов, Эльнор Мухитдинов, Вячеслав Земс және Михаил Литвин төрттігі барлық қарсыласынан оқ бойы озып, бірінші орын алды. Жігіттер уақыт көрсеткіші бойынша Қазақстан рекордын да жаңартты. Кейін олардың жеңіс жолын қыздар жалғастырды. Әйелдер арасындағы эстафетаға Алелина Земс, Александра Залюбовская, Кристина Кондрашева, және Элина Михина қатысқан болатын. 3 күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама 6 алтын, 3 күміс және 3 қола жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 2-орынға тұрақтады. Топ басында Жапония құрамасы. Олар 15 медаль жеңіп алды. Алтын көрсеткіші бойынша Қазақстанмен тең.  Ал үздік үштікті Катар атлеттері түйіндеді. Айта кетейік, Астана қаласы бұндай деңгейдегі жарысты алғаш қабылдап тұр. Оған 30 елден 400-ге жуық қатысушы жиналды.

Қоржынымызда 6 алтын 

6 боксшымыз финалға шығып, 6-ауы да жеңіске жетті. Венгрияның Дебрецен қаласында бокстан Иштван Бочкаиды еске алуға арналған  халықаралық турнир аяқталды. Дәстүрлі жарысқа биыл 26 елден 400-ге жуық қатысушы жиналған болатын. Олардың арасында 13 жерлесіміз бар. Қазақстандық боксшылар 9 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Әсіресе, финалға шыққан 6 боксшымыз соңғы жекпе-жектерін сәтті өткізді. Атап айтқанда ең жеңіл салмақтағы Теміртас Жүсіпов қырғызстандық Асылбек Аманкул уулун айқын басымдыпен ұтса, артынша оның жеңіс жолын Серік Теміржанов, Саматәлі Төлтаев, Дулат Бекбауов жалғастырды. Орта және ауыр саамқатарда Аятолла Тәкежанов және Айбек Оралбайлар чемпион атанды. Бұған қоса, ұлттық құрама қоржынында 3 қола бар. Оны Дамир Әбдіқадыр, Дәулет Молдашев және  Ермахан Жақпеков жеңіп алды.

Д. Никиша әлемнің үздік спринтері  

Денис Никиша әлемнің үздік спринтері. Нидерландының Дордрехте қаласында шорт-тректен әлем кубогы өтті. Айта кету керек, бұл осы маусымдағы шешуші, яғни 6-кезең. Байрақты бәскеде жерлестеріміз жүлдеге ілікпеді.  Бірақ, жалпы есепте, яғни, бұған дейінгі кезеңдер қорытындысы бойынша қазақстандық Денис Никиша әлемдік рейтингтің көшін бастады. Жерлесіміз 500 метрлік бәскеде бас-аяғы 402 ұпай жинаған. Атап айтқанда, АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен Әлем кубогінде күміс медальға қол созса, Алматыдағы аламанда 1 күміс және 1 қола жеңіп алған болатын. Рейтингтің үздік үштігін Канада және Польша спортшылары түйіндеп тұр. Алдыңғы ондықта тағы бір қазақстандық Абзал Әжіғалиев бар. Ол 228 ұпаймен 8-сатыға тұрақтады. Нұрберген Жұмағазиев баптайтын қыз-жігіттер енді сәл тынығып, кейін әлем чемпионатына дайындықты бастайды. Жылдың басты бәсекесі 10 және 12 наурыз аралығында Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында өтеді.