Петропавл тұрғыны спорт саңлақтарына арнап Даңқ аллеясын ашты

Петропавлдық Бауыржан Құлжанов спорт саңлақтарына арнап «Даңқ» аллеясын ашты.

Қазір ол үйінің жанына Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров, Камиль Сафин секілді аты аңызға айналған адамдардың 30-дан аса мүсінін орнатқан. 

Бауыржан Құлжанов осыдан 3 жыл бұрын үйінің жанындағы бос жатқан жерді «Даңқ» аяллеясына айналдырды. Қазір мұнда белгілі адамдардың 33 мүсіні бар. Дені спортшыларға арналған.  

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Мысалы, мына бір мүсін грек- рим күресінен Олимпиада чемпионы Шәміл Серіковке арналған. Ал бұл солтүстік қазақстандық былғары қолғап шебері, әлем кубогінің иегері Камиль Сафин. Сонымен қатар мұнда қазақ халқының тұңғыш кәсіби балуаны, алып күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының мүсіні бар. 

Аллеядан ойып тұрып орын алған соңғы мүсіндердің бірі Жақсылық Үшкемпіровке орнатылды. Бауыржан Құлжанов Олимпиада чемпионымен өмірде дос болған. Оның Мәскеудегі жарқын жеңісін өз көзімен көрді.  

Бауыржан Құлжанов, спорт ардагері:

- Ондай қазақтар болмайды. Мен бүгін мінеки өзім бір жұма болды спартакиададан келдім Алматыдан. Бүкіл күресті көрдім. Грек-рим күресі, еркін күресті көрдім. Ондай балуанды мен көре алмайтын шығармын деймін осы өмірде. 

Аллея авторының өзі де кезінде балуан болған. Ол Солтүстік Қазақстан облысында қазақша күрестен спорт шебері атанған алғашқы адам. Қазір жылдар бойы жинаған мол мұрасын жинап, бір бөлмесін мұражайға айналдырды. 

Бауыржан Құлжанов, спорт ардагері:

- Енді мынаның бәрін көрсін деймін. Балалар көрсін, азаматтар көрсін деп. Қазір міне көп экпонаттар бар басқа жігіттер әкеліп жүрген. Әр азамат тарихын білу керек. Тарихты білмеген азаматтың болашағы болмайды. Сүй деп ойлаймын мен. 

Бауыржан Құлжанов мүсіндерді тапсырыспен жасатады. Енді ол аллея жанынан спорт мұражайын салуды жоспарлап отыр. Бұл оның баяғыдан бері ойлап жүрген мақсат-мұраты. «Құрылыс жазда басталады», - дейді ардагер.    

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков