Д. Шәмшаев «Grand slam» жүлдегері атанды

Ташкентте өтіп жатқан дзюдодан әлемдік «Grand slam» бәсекесінде Қазақстан құрамасының қоржыны 2-ші жүлдемен толықты.

73 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионы Даняир Шәмшаев күміске қол жеткізді. Ақтық сында отандасымыз жергілікті спортшы Муроджон Юлдошевқа есе жіберді. Белдесу барысында Данияр нәтижелі әдіс жасағанымен төрешілер ұпайға сараңдық танытты. Кейін қарсыласын алып жығуға талпынған сәттің бірінде өзі қарымта шабуылға түсіп қалды. Дегенмен дзюдошымыз үшін күміс те олжа. Бірер апта бұрын Париждегі үлкен дулыға бәсекесінде қола медаль еншілеген. Сондықтан Данияр жылды сәтті бастап отыр. Алда бұдан да маңызды Азия ойындары мен әлем чемпионаты бар.

Еске салайық, күні бұрын Ташкент төріндегі татамиде тағы бір отандасымыз Нұрқанат Серікбаев финалға дейін жетіп, ақтық сында жол берген еді. Бүгін де бірнеше дзюдошымыз «Grand slam» жүлдесіне таласып көреді.

Данияр Шәмшаев, «Grand slam»  жарысының күміс жүлдегері:

- Жарыс өте жақсы өтті. Ойдағыдай келе жаттық. Финалда кішкене жақсы басын бастап, аяғына қарай шаршап қалдым. Өзім әдіс жасап, өзім құладым.Осымен тоқтап қалған жоқпыз. Бұйырғаны осы боп тұр. Шүкір. Финалда сәл болмай қалды енді.